Алматы облысында ойын-сауық орындарына рейдтік іс-шаралар жүргізілді, — деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Өткен демалыс күндері “Заң мен Тәртіп” қағидаты аясында Іле аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері прокуратура, әкімдік және аудандық жастар ресурстық орталығы өкілдерімен бірлесіп, адамдар көп жиналатын демалыс және ойын-сауық орындарында рейдтік іс-шаралар жүргізді. Рейдтің басты мақсаты – қолданыстағы заңнаманың сақталуын қадағалау, жастар мен кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, құқықбұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Тексеру барысында ерекше назар түтін қоспаларын ұсынатын орындарға аударылды. Полицейлер қоғамдық орындарда шылым шегуге салынған шектеулердің орындалуын, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың мұндай нысандарға кіріп кету деректерін қатаң бақылауға алды.
Профилактикалық жұмыс мұнымен шектелмейді. Жыл басынан бері Алматы облысы бойынша қоғамдық тәртіпті бұзу саласында 65 378 құқық бұзушылық анықталып, жолы кесілді. Олардың қатарында темекі өнімдерін тұтынуға тыйым салуды бұзу бойынша 483 дерек, алкогольдік ішімдіктер ішу және қоғамдық орындарда мас күйінде жүру 3917 дерек, түнгі уақытта ата-анасының немесе ересек адамның қарауынсыз жүрген кәмелетке толмағандар — 4206 дерек, тыныштықты бұзу — 1381 дерек. Облыстық полиция басқармасы құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда. Бұл ретте ерекше назар жас ұрпақтың мүддесін қорғауға және салауатты өмір салтын насихаттауға аударылып отыр.