2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Алматы облысында полицейлер заңсыз айналымнан бір тоннадан астам есірткі затын тәркіледі, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
"Қарасора - 2025" жедел алдын алу іс-шарасының аралық нәтижелері туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бағдат Әшімов мәлімдеді.Полицейлер 8 бірдей есірткі зертханасын жойды. Олардың екеуі синтетикалық есірткі өндіруге маманданған болса, қалғандары құрамында есірткісі бар өсімдіктерді заңсыз өсірумен айналысқан. 1 маусымнан бастап облыс аумағында кең ауқымды "Қарасора - 2025" жедел алдын алу іс-шарасы басталды. Шараның мақсаты – заңсыз егістіктерді анықтап, жабайы қарасораны жою, транзиттік арналарды кесу және ұйымдасқан қылмыстық топтарды әшкерелеу. – Операция басталғалы 12 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Олардың ішінде – сату, аса ірі көлемде сақтау және заңсыз өсіру фактілері бар. Мысалы, Іле ауданында сату фактісі, ал Талғар ауданында есірткіні сақтау бойынша 9 дерек тіркелді, оның екеуі – аса ірі көлемде, – деді Б.Әшімов. Бақылауды күшейту мақсатында Алматы – Бішкек және Алматы – Өскемен тасжолдарында түнгі жылжымалы екі бірдей блокбекет қойылды. Сол арқылы арқылы күн сайын жүздеген көліктің әрқайсысы мұқият тексеріледі.
Полицейлер жедел іс-шараларды жалғастыра отырып, азаматтарды қырағы болуға шақырады. Есірткіге қатысты күмәнді деректер туралы 102 нөміріне анонимді түрде хабарлауға болады.