Елордадағы Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония қабырғасында «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының қалалық кезеңінің жеңімпаздары мен лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шараға елорда әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысты. Биыл көпсатылы іріктеуден өткен 19 отбасы үздіктер қатарынан көрінді. Олардың барлығы бағалы сыйлықтар мен марапаттарға ие болды. Байқаудың жалпы жүлде қоры 3 миллион теңгеден асты. Бас жүлде мен 1 миллион теңгені Айтқожиндер отбасы иеленді.
Отағасы – қоғам белсендісі, «Хаджнама. Қағбаға ұзақ жол» және «Жастық шағымның оқиғалары» кітаптарының авторы. Ол сондай-ақ «Қамқор әке» ретінде Әкелер одағынан медальдармен марапатталған. Ерлі-зайыптылар белсенді әрі жасампаз өмір салтын ұстанып, балаларын жауапкершілікке, еңбекке және отансүйгіштікке тәрбиелеп келеді.
Байқауға қатысу үшін жалпы 255 өтінім келіп түсті, бұл елорда үшін рекордтық көрсеткіш болып отыр. Әр отбасы өз тарихын, дәстүрін, жетістіктерін және мақтан тұтатын құндылықтарын ұсынды.Бірінші кезеңде аудандық комиссиялар төрт отбасыны іріктеп, кейін қалалық деңгейдегі комиссия «Жас отбасы», «Интернационал отбасы», «Тату отбасы», «Спорттық отбасы» және басқа да номинациялар бойынша 12 лауреатты анықтады.Іріктеу кезінде қоғамдық өмірге қатысуы, еңбек әулеттері, спорттағы, білім беру мен шығармашылықтағы жетістіктері, отбасылық дәстүрлерді сақтау және бала тәрбиесі сынды критерийлер ескерілді.Биыл іріктеу барысында Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жұмысшы кәсіп иелеріне де баса назар аударылды.
Байқаудың басты мақсаты – салауатты отбасылық қарым-қатынасты насихаттау, отбасы институтын нығайту және оң үлгілерді көрсету.Қалалық кезеңнің жеңімпазы енді «Мерейлі отбасы – 2025» байқауының республикалық финалында Астананың атынан қатысады.