Риддер қалалық ауруханасы – елді мекендегі денсаулық сақтау жүйесінің маңызды буыны болып табылады. Бұл мекеме амбулаториялық-емханалық және стационарлық медициналық көмекті ұсынатын жалғыз көпсалалы медициналық ұйым ретінде қала тұрғындарына ғана емес, сондай-ақ жақын маңдағы Поперечное, Пригородное, Коноваловка, Ливино, Ульбастрой және Лесхоз ауылдық округтерінің халқына да қызмет көрсетеді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ШҚО әкімдігіне сілтеме жасап.
Алайда, 1939–1957 жылдар аралығында салынған аурухананың негізгі ғимараты мен педиатриялық бөлімшесі қазіргі таңда медициналық инфрақұрылымға қойылатын заманауи талаптарға сәйкес келмейді және кешенді жаңғыртуды қажет етеді.
Моноқаланың денсаулық сақтау жүйесіне демографиялық жүктеменің жоғары болуы және жүрек-қан тамырлары аурулары да қамтылған тұрақты жоғары сырқаттанушылық пен өлім-жітім көрсеткіштері жағдайында жаңа заманауи медициналық мекемеге деген қажеттілік ерекше өзекті болды. 2017 жылы халық тарапынан түскен көптеген өтініштер мен мемлекеттік органдардың жағдайды талдауы нәтижесінде жаңа көпсалалы аурухана кешенінің құрылысын салу туралы шешім қабылданды.
Жобада 200 орындық стационар мен ауысымына 500 адам қабылдайтын емханасы бар заманауи медициналық инфрақұрылымды құру көзделген. Жобаны іске асыру 2021 жылғы желтоқсанда басталды. Құрылыс жұмыстарының жалпы құны – 34,8 млрд теңге, оның ішінде 11,8 млрд теңге заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуге бағытталған. 2024 жылы жобаға арнайы мемлекеттік қордан қосымша 28,1 млрд теңге бөлінді.
Кешеннің жалпы аумағы 40 мың шаршы метрді құрайтын үш негізгі ғимаратты қамтиды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының орындалу деңгейі төмендегідей:
• Емхана – 85% (қалқа мен қасбеті аяқталған, ішкі әрлеу жұмыстары, санитарлық-техникалық жабдықтарды орнату, кіреберіс аймағын абаттандыру аяқталуға жақын);
• Стационар – 40% (Б блогы – 3 қабат – толық аяқталған, А блогында (5 қабат) – жұмыстардың 60%-ы орындалды; монолитті жұмыстар, сыртқы қабырғаларды қалау, ішкі қабырғаларды орнату, әрлеу және қасбеттік жұмыстар жалғасуда);
• Тамақтану блогының дайындық деңгейі – 92%.
Құрылыс жұмыстарына 258 маман тартылған. Барлық жұмыстарды аяқтап, нысанды пайдалануға беру 2025 жылдың желтоқсан айына жоспарланған.
Риддер қаласындағы жаңа көпсалалы аурухана кешенінің салынуы – денсаулық сақтау жүйесіндегі өзекті сын-қатерлерге жауап қана емес, сонымен қатар өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын жүйелі жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Бұл жоба медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысында денсаулық сақтау саласын ұзақ мерзімді тұрақты дамытуға септігін тигізеді.