Ru  Kz
Барлық жаңалықтар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Словакия Премьер-министрі Роберт Фицо БАҚ өкілдері алдында сөз сөйледі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Словакия Премьер-министрі Роберт Фицо БАҚ өкілдері алдында сөз сөйледі
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Словакия Премьер-министрі Роберт Фицо БАҚ өкілдері алдында сөз сөйледі, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Президент ең алдымен, Словакия Республикасының Премьер-министрі Роберт Фицоға және барша делегация мүшелеріне ілтипат білдірді.

– Словакия – Қазақстанның Еуропа Одағындағы маңызды әрі сенімді серіктесі. Екіжақты қарым-қатынасымыздың тарихы маңызды оқиғаларға толы. Қазіргі таңда да екі елдің өзара байланыстары достық және сыйластық рухында нығаюда. Астана мен Братислава арасында мазмұнды саяси диалог орнаған. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық саладағы байланысымыз жылдан-жылға дамып келе жатыр. Шарттық-құқықтық негізі қалыптасты. Екі елдің алыс-берісі де ұлғаюда. Қазақстанда 30-дан астам словак компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Елімізге Словакияның ірі кәсіпкерлері де келді. Соған байланысты Роберт Фицо мырзаға алғысымды айтамын. Бүгін бизнес форум өтеді. Бұл жиын өзара ықпалдастығымызды одан әрі нығайтуға жол ашады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Роберт Фицомен жүргізген мазмұнды келіссөз барысында қазақ-словак ынтымақтастығының аясын кеңейту мәселесі талқыланғанын және нақты уағдаластықтарға қол жеткізілгенін атап өтті.

– Екі ел арасында ешқандай түсініспеушілік жоқ, кең ауқымды ынтымақтастыққа – жол ашық. Себебі, Қазақстан мен Словакияның сан қырлы байланысын күшейту қос халықтың мүддесіне сай келеді. Словакия – экономика тұрғысынан алып қарасақ, қарқынды дамып келе жатқан ел. Сондықтан Қазақстан Словакиямен қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға баса мән бермек. Біз сауда-саттық көлемін одан әрі арттыру мәселесіне тоқталдық. Инвестициялық ықпалдастықты тереңдетуге назар аудардық. Бұл тұрғыдан алғанда Үкіметаралық комиссия маңызды рөл атқарып келеді. Мен Комиссияның тең төрағаларының деңгейін министр дәрежесіне көтеруді ұсындым. Қазақстан Словакияға мұнай-газ, уран, азық-түлік өнімдерін және басқа да тауарларын экспорттауға дайын. Сондай-ақ энергетика, машина жасау, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, туризм саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Әскери-техникалық байланыстың әлеуеті зор. Бұған қоса, біз келіссөздер барысында Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін бірге пайдалану жайын талқыладық. Бұл – стратегиялық маңызы бар сауда жолының бірі. Мен словакиялық серіктестерімізді осы дәлізді дамыту жобасына қатысуға шақырдым. Бұл саладағы ықпалдастық өзара сауда-саттыққа тың серпін беруге тиіс, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, еліміз Словакияның су ресурстарын басқару ісіндегі озық тәжірибесін зерделеп, бірлесе жұмыс істеуге дайын.

– Біз мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтудың маңызды екеніне тоқталдық. Словакияда еңбек етіп жүрген Қазақстан азаматтарының әлеуметтік жағдайына және құқығын қорғау мәселесіне ерекше назар аудардық. Сондай-ақ білім саласындағы байланыстарды тереңдету жайын талқыладық. Жастарымыз екі елдің жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Олар біздің халықтарымызды одан әрі жақындастыра түседі деп ойлаймын. Біздің қарым-қатынасымыздың тарихы терең. Қазақ жауынгерлері Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Словакияны азат етуге белсене атсалысты. Осыған орай, Роберт Фицо мырза Отан қорғаушылар монументіне барып, батырлардың рухына тағзым етті. Осылайша, адамзат үшін қиын кезеңде бастау алған қазақ-словак достығы бүгінге дейін жалғасып, нығайып келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бүгінгі келіссөзде халықаралық және аймақтық мәселелерге де назар аударылғанын жеткізді.

– Әлемдегі геосаяси ахуал, жаһандық текетірестер мен сауда соғысы бәрімізді алаңдатып отыр. Екі тарап та бұл түйткілдер бейбіт жолмен шешілуі керек деп санайды. Елдеріміздің халықаралық ұйымдар аясындағы байланысы нығайып келеді. Атап айтқанда, достығымыз Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сияқты құрылымдар аясында дамып жатыр. Көптеген жаһандық үрдістер мен сын-қатерлерге қатысты ұстанымдарымыз ұқсас. Біз көпжақты дипломатиялық байланыстарды тереңдетуге ерекше мән береміз. Бүгінгі келіссөз қарым-қатынасымыздың өзара тиімді сипатын тағы да нақтылай түсті. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында қазақ-словак ықпалдастығы жаңа деңгейге көтеріледі деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Словакия Премьер-министрі сапар барысында екіжақты қатынастардың барлық саласы талқыланғанын айтып, келіссөздер қорытындысын жоғары бағалады.

– Біз алға қарай үлкен қадам бастық. Бүгінгі уағдаластықтар қол қойылған тиісті келісімшарттар мен өзара тиімді ынтымақтастықта айқын көрініс табады деп ойлаймын, – деді Роберт Фицо.

скачать dle 11.1смотреть фильмы бесплатно
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
ҚАЗІР ОҚЫП ЖАТЫР
для добавления комментариев
Уже зарегистрированы?
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Или водите через социальные сети
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Димаш Құдайбергеннің жаңа әні ең көп тыңдалған топ-100 әннің қатарына енді
Актер Шәріп Серік қызды ұрды деп айыпталғаннан кейін мәлімдеме жасады
Валерий Меладзе Астананың сұлулығына таң қалды
Баян Алагөзова сәбилі болды
Қайрат Нұртас 15 тәулікке қамауға алынады
Мультимедиа
Маңғыстауда Мемлекеттік рәміздер күні кең көлемде аталып өтті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөз сөйледі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар, жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер тапсыру рәсіміне қатысты
Елордада бірлік пен руханиятты ұлықтаған «Әз-Наурыз» мерекесі өтті
Мемлекет басшысы күштік құрылым қызметкерлерін марапаттады