Қазақстан мен Руанда президенттері БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Президент Поль Кагаменің Қазақстанға ресми сапармен келгеніне ризашылығын білдіріп, елдеріміз үшін мән-маңызы зор келіссөздер жүргізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, Африка құрлығының халықаралық ықпалы жылдан жылға күшейіп келеді. Қазақстан осы аймақтағы елдермен тығыз қарым-қатынас орнатуға ерекше мән беріп отыр.
– Біз Руанданы Африкадағы сенімді серіктесіміздің бірі ретінде қарастырамыз. Сондай-ақ өзара әріптестікті одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Бүгінгі кездесу мазмұнды әрі мағыналы болды. Біз екіжақты ынтымақтастықты күшейту жолдарын талқыладық. Нақты келісімдерге қол жеткіздік. Екі ел арасындағы саяси диалогты дамытуға уағдаластық. Алдағы уақытта Сыртқы істер министрліктері жоғары деңгейдегі кездесулер өткізетін болды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы биыл Қазақстан мен Руанда дипломатиялық және қызметтік төлқұжат иелерін визалық талаптардан босатуға келіскеніне тоқталды.
Бұдан бөлек, мемлекеттер басшылары парламентаралық дипломатия мәселесін пысықтағанын жеткізді. Сондай-ақ көлік-логистика және сауда салаларында бірлескен жұмыс топтарын құру туралы келісім жасады. Қазақстан Президенті мұны сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі дамытудың тетігі санайды.
– Бұл ретте халықаралық дәліздердің мүмкіндігін талқыладық. Келіссөз барысында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін пысықтадық. Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін Африка құрлығына тасымалдау жолдарын қарастырдық. Елдеріміз озық технология, жасанды интеллект және ғарыш саласында айтарлықтай тәжірибе жинақтады. Біз цифрландыру және киберқауіпсіздік мәселелеріне қатысты ортақ жобаларды қолға аламыз деп келістік. Ғарыш кеңістігін бірлесіп игеру жөнінде уағдаластыққа қол жеткіздік. Мұндай қадам мемлекеттік қызмет пен бизнестің тиімділігін арттыруға септігін тигізеді. Ақпараттық қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік береді, – деді Президент.