Бүгін Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Шымкент қалалық өзбек этномәдени қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған ерекше форматтағы халықаралық мәдени іс-шара «Достық дастарханы» фестивалі өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттар мен ұлыстардың татулығы мен рухани келісімін паш еткен айтулы мереке ел бірлігінің жарқын көрінісіне айналды.
Мерекелік іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Президент Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, Парламент Сенатының депутаттары Алишер Сатвалдиев пен Ғалиасқар Сарыбаев, ішкі істер органдарының ардагері Молдияр Оразалиев, ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің төрағасы, Ұлттық құрылтай мүшесі Шерзод Пулатов, сондай-ақ Өзбекстаннан келген «Ватандошлар» қоғамдық қорының өкілдері қатысты.
Іс-шара аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне белсенді үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетіліп, арнайы алғыс хаттар табысталды. Өз кезегінде сөз алған ҚХА Төрағасының орынбасары, депутаттар мен қала әкімінің орынбасары жылы лебіздерін білдіріп, этномәдени бірлестік белсенділеріне алғыс білдірді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов шырайлы шаһарда аталып өтіп отырған берекелі де тағылымды фестивальдің шынымен де көңілді, игі ниетке құрылған керемет басқосу екенін жеткізді. Бұл фестивальге жылда қатысып келе жатқанын, бұрыннан таныс жандармен қайта жүздесіп отырғанын айта келе:
Өз кезегінде қала әкімінің орынбасары, қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Сәрсен Құранбек біз үшін дастархан киелі ұғым, бұл – берекенің басы. Ұлттық мәдениеттің өзегі болған осы құндылықты дәріптеу бағытында «Достық дастарханы» жобасы қаламызда 2010 жылдан бері жүйелі ұйымдастырылады. Қалалық өзбек этномәдени бірлестігі мен Қазақстан халқы Ассамблеясы бірлесе бастамашы болған фестиваль 2022 жылдан бері «Достық дастарханы – Шымкент палауы» деген атаумен өткізіліп келеді. Мақсатымыз – елдегі бірлік пен достықтың көрінісін осы іс-шара арқылы насихаттау. Бір дастархан басында барша ұлт өкілдері отырып, бас қосатынын жұртшылыққа паш ету»,- деді. Сондай-ақ, ол «Біз ежелден жақсыны жанына тартқан бауырмал, жаны жомарт, қонақжай, кең пейілді халықпыз. Сыйластық, достық, қонақжайлық, сабырлық – сынды құндылықтардың арқасында біздің ортақ үйіміз Қазақстанда бейбітшілік пен қоғамдық келісім сақталып отыр. Ал берекелі бірліктің қадірін білу, байыпты бағамдау сіздер мен біздерге жүктеліп отырған мерейлі міндет екенін ұғынуға тиіспіз», - деді.
Фестивальдің басты нышаны – көпшілікке дайындалған дәстүрлі палау тағамы болды. Бірақ бұл жай ғана ас емес, ел бірлігі мен ұлттар достығының символына айналған тағам ретінде жаңаша мағынаға ие болды. Биылғы фестивальдің ерекшелігі – Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай 30 қазан палау әзірленіп, әр қазанға «Бірлік», «Достық», «Жеңіске 80 жыл», «Бәйтерек» секілді мәні терең атаулар берілді.
Мереке 2022 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Фестиваль аясында Қазақстан өңірлерінен, сондай-ақ Өзбекстан мен Әзірбайжаннан келген үздік аспаздар арнайы шақырылып, өз шеберліктерін паш етті. Әр аспаз түрлі әдіспен палау дайындап, қонақтарды таңғалдырды.
Фестиваль барысында арнайы қазандарда дайындалған 100 келі палау Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының волонтерлары арқылы балалар үйлері мен көпбалалы отбасыларға таратылды. Демек осындай тағам дайындау арқылы жақсылық жасауға үндейтін игі бастама болды. Сонымен қатар, мұндағы дайындалған палаулар арасында «Ең жас аспаз», «Ең үлкен аспаз», «Жылдың үздік аспазы», «Көпшілік қошеметіне лайық аспаз» секілді аталымдарда үздіктер марапатталды. Бағалау кезінде тағамның дәмі ғана емес, оны әзірлеу шеберлігі, көркем безендірілуі, аспаздардың киім үлгісі мен қызмет көрсету мәдениеті де ескерілді.
Татулықты ту еткен мұндай мазмұнды мерекелік іс-шара қазақ жерінде тамырын тереңге жайған достықтың дәмін жұртшылыққа сездірген ерекше мәдени оқиға болды. Бейбітшілік пен келісімнің жарқын символы ғана емес, Қазақстан халқы Ассамблеясының ел ішіндегі ұлттар татулығын сақтау жолындағы 30 жылдық қажырлы еңбегінің жемісін көрсетті.
