Қазақстандық әуекомпанияға жаңа атау берілді. Бұл туралы Qazaq Air баспасөз қызметі хабарлады, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Tengritravel.kz сайтына сілтеме жасап.
Qazaq Air әуекомпаниясы ресми түрде атауын Vietjet Qazaqstan деп өзгертеді.
Vietjet пен Qazaq Air жаңа әуекомпаниясы – Vietjet Qazaqstan брендін іске қосу мақсатында стратегиялық серіктестік туралы ресми түрде жариялады. Бұл туралы мәлімдеме Қазақстан мен Вьетнам арасындағы іскерлік дөңгелек үстел барысында жасалған. Іс-шара Вьетнамның бас хатшысы То Ламның Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында өтті.
Тасымалдаушы компанияның баспасөз қызметі мәліметінше, бұл шара барысында Вьетнамның Қаржы министрлігі Vietjet-ке тиесілі еншілес компания – Aviation Holdings-ке шетелдік инвестицияларды тіркеу куәлігін берді. Бұл құжат Qazaq Air-дің стратегиялық акциялар пакетін сатып алуға рұқсат береді.
"Бұл серіктестік аясында екі тарап Qazaq Air-дің қазіргі платформасына сүйене отырып, бірлесіп Vietjet Qazaqstan әуекомпаниясын дамытып, басқарады", – деп хабарлады баспасөз қызметі.
Vietjet Qazaqstan кемінде 20 Boeing 737 ұшағынан тұратын әуе паркін басқаратын болады.
Еске салайық, 2024 жылдың 23 мамырында Qazaq Air әуекомпаниясын вьетнамдық SOVICO Group сатып алғаны хабарланған еді. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен SOVICO Group директорлар кеңесінің төрағасы Нгуен Тхань Хунг арасындағы кездесу нәтижесінде белгілі болды.