Полицейлер шығысқазақстандық тұрғынды аман алып қалды, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
17 сәуір күні таңғы уақытта Өскемен қаласының полиция басқармасына тұрғын үйлердің бірінің 9-қабатындағы балконнан секіруге әрекеттеніп жатқан азамат туралы жедел хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жедел жеткен патрульдік полиция батальонының инспекторлары — полиция қызметкерлері Қайрат Ташкенбаев пен Ерасыл Мұратханов оқиғаға жедел әрекет етті. Қызметтік іс-қимыл аясында Қайрат Ташкенбаев төменгі қабатта қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етсе, ал оның әріптесі Ерасыл Мұратханов көпқабатты үйдің жоғарғы қабатына көтеріліп, балконның сыртқы жақтауында тұрған жас жігітпен тілдесуге кірісті. Полиция инспекторы Ерасыл Мұратхановтың айтуынша, 25 жастағы азамат ауыр психоэмоционалдық күйде болған. Жедел әрі сабырлы әңгіме барысында тәртіп сақшысы оның сеніміне кіріп, суицидтік әрекетке баруының себебін анықтай алды.
Белгілі болғандай, жігіт есірткіге тәуелділікпен күресіп жүрген және жалғыздық сезімінен зардап шегуде екен. Инспектор оған өмірдің маңыздылығы, әр қиындықтың өткінші екені, және жаңа өмір бастауға мүмкіндік әрдайым бар екенін айтып, үміт пен сенім ұялатты. Жас азамат тәртіп сақшысының адамгершілікке толы сөздеріне құлақ асып, өз еркімен балконның қауіпсіз жағына өтті. Кейіннен ол жедел жәрдем бригадасына тапсырылды. Қызметтік міндетін абыроймен атқарған полиция инспекторларының кәсіби әрі жанашырлыққа толы әрекеті жас азаматтың өмірін аман сақтап қалуға сеп болды. Бұл оқиға — тәртіп сақшыларының тек құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуші ғана емес, сонымен қатар қиын сәтте жанашырлық пен қолдау көрсете алатын нағыз көмекші екенін дәлелдейді.