Биыл елорда тұрғындары мен қонақтары Наурыз мейрамын кең көлемде тойлауда, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әр мерекелік алаңда ұлттық ойындар, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын білу сайыстары, киіз үйлер мен алтыбақандар ұйымдастырылады. Іс-шараларға елордалықтар жаппай қатысып, барлық алты ауданда мерекелік шаралар өтіп жатыр, оның ішінде елді мекендерде мерекелік бағдарламалар ұйымдастырылды.Қалалық алаңда (елорда әкімдігі ғимаратының алдында), «Қазақ елі» және «Бәйтерек» монументтері алаңдарында, «Астана Арена» стадионы мен ЭКСПО алаңының аумағында таңертеңнен бастап мерекелік әндер ойналып, қолөнер жәрмеңкелері ашылып, дәстүрлі тағамдар әзірленіп, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтіп жатыр, сол сияқты бағалы сыйлықтар таратылып, жүлдегерлер марапатталып жатыр. Қатысушылар гір көтеру, қол күресі, арқан тарту, асық ату, қазақша күрес, қой көтеру, т.б. сынға түсіп жатыр.Алты ауданда да киіз үйлер тігіліп, мерекелік жәрмеңкелер ұйымдастырылды.
Мерекелік орындарда қазақстандық эстрада жұлдыздары мен ұжымдар өнер көрсетті. Олардың қатарында Қанат Үмбетов, Абай Бегей, Әлішер Кәрімов, Айдар Байділдин, «Алтын» триосы, «Арт домбыра» тобы, Мәди Қадыров, Ғалымжан Жолдасбай, Нұркен Якияев, Меломен, Жақсыкелді Маясаров, «Қазақия» дуэті, Әйгерім Мамырова, Кеңес Әлімжан, Ғаділбек Жанай, Маржан Арапбаева, Нұрлан мен Мұрат, Асхат Тарғын, Айгүл Иманбаева, «Алтын» этно ансамблі, Диарт, Бәйтерек топтары, Ернар Жұматаев және т.б. бар.
