Балалардың білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі елорда әкімдігінің ұдайы назарында. Баспасөз конференциясында Астана қаласының Білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбаев балалардың қауіпсіздігі, құқықбұзушылықтың алдын алу және жайлы оқу ортасын қалыптастыруға бағытталған шаралар жөнінде мәлімет берді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Спикердің айтуынша, елордада жалпы саны 877 білім беру мекемесі жұмыс істейді. Олардың қатарына мектептер, балабақшалар және колледждер кіреді. Онда 390 мыңнан астам бала білім алып жатыр. Барлық оқу орны заманауи қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған: автоматтандырылған өрт дабылы, цифрлық бейнебақылау жүйесі және Жедел басқару орталығымен біріктірілген дабыл түймелері орнатылған.
Серік Әділбаевтың айтуынша, 2024 жылдың басынан бастап елордада 2018 профилактикалық кеңес отырысы өткізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 89,6%-ға артық. Мұндай өсім құқық қорғау органдары тарапынан жүргізіліп отырған белсенді алдын алу жұмыстарының нәтижесі болып отыр.Қалалық прокуратурамен бірлесіп, қиын жағдайдағы отбасылардың тұрмыс жағдайын тексеру мақсатында рейдтер ұйымдастырылды. Оның аясында 3673 отбасыға тексеру жүргізіліп, 42 отбасыға нақты көмек көрсетілді.
Сонымен қатар балаларға қатысты оқыс оқиғаларға жедел әрекет ету үшін күнделікті мониторинг жүйесі енгізілді. Мектеп оқушылары мен олардың ата-аналарына арналған «Қауіпсіз балалық шақ: қамқорлы ата-ана болу» атты семинарлар ұйымдастырылуда. Оқу орындарында «Balaqorgau» QR-коды бар ақпараттық тақтайшалар орнатылып, балалар өз мәселелері туралы аноним түрде хабарлай алатын мүмкіндік жасалған.Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында түрлі үйірмелер мен спорттық секциялар белсенді дамып келеді.
Бүгінде елордалық мектеп оқушыларының 81,5%-ы, яғни 213 556 бала түрлі үйірмелер мен спорттық секцияларға қатысуда. Мектеп жанындағы 135 қосымша білім беру ұйымының филиалдары жұмыс істейді. Сондай-ақ бес білім беру мекемесінде жасөспірімдерді әлеуметтік белсенділікке тартуға бағытталған «ДосболLIKE» бағдарламасы іске қосылды.Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігіне қатысты бейнероликтер апта сайын YouTube платформасында жарияланып келеді. Жоғары сынып оқушылары мен студенттер үшін құқықтық сауаттылықты арттыруға арналған дәрістер өткізілуде.
«2025 жылы құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша жаңа бағдарлама іске қосылады. Бағдарлама аясында 36 іс-шара жоспарланған. Буллингке қатысты тестілеу барлық мектептерде міндетті түрде өткізіледі.
Антибуллингтік бағдарлама тағы 10 мектепте енгізілмек, ал «ДосболLIKE» жобасы басқа оқу орындарында да іске асырылады. Қабылданған шаралар оң нәтижесін беруде: жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық деңгейі төмендеп, олардың оқу үдерісіне және бос уақытты тиімді өткізуге қатысуы арта түсті. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар профилактикалық бағдарламаларды одан әрі жетілдіру мен өскелең ұрпақ үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруға негізделетін болады», - деп ведомство өкілі сөзін қорытындылады.