Алматыда шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған азамат қайта қамауға алынды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Алматы қаласының полиция қызметі шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған азаматтың заң бұзғаны үшін қайта қамауға алынғаны туралы хабарлады.
Оқиға өткен жазда түрмеден босап шыққан 35 жастағы ер адамға қатысты. Сот оның жазасының өтелмеген бөлігін үй жағдайында өтеуіне мүмкіндік берген болатын. Алайда, азамат бұл мүмкіндікті бағаламады. Бостандықта жүргенде ол заң талаптарын, қоғамдық тәртіпті және шартты түрде мерзімінен бұрын босатылу талаптарын өрескел бұзды. Бұл соттың оны қайта қамауға алу туралы шешім шығаруына негіз болды.
– Бұл жағдай бүгін арнайы кездесуде басқа шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған азаматтарға да ескертілді. Басқалардың қателігінен сабақ алу маңызды. Сондықтан есепте тұрған адамдарға заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігі тағы да түсіндірілді. Түрксіб ауданының өзінде шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы 10 бұйрықтың күші жойылды. Жалпы, мұндай азаматтардың тәртібі мен өмір салтына қатысты қадағалау жұмыстары үздіксіз жүргізіліп, бақылауда тұр, – деп мәлімет берді полиция департаменті.