Павлодарда ұстау режимін жүйелі түрде бұзған сотталушының жазасы ұзартылды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Павлодар облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №45 орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталушы тәртіпті жүйелі түрде бұзғаны үшін қосымша бір жарым жылға бас бостандығынан айырылды.
Мекеме әкімшілігінің хабарлауынша, сотталушы белгіленген тәртіпті елемей, тексерулерге шықпаған, күн тәртібін сақтамаған. Онымен бірнеше рет тәрбие жұмыстары жүргізілсе де, ол ешқандай өзгеріс жасамаған және өзін агрессивті ұстаған. Қазіргі таңда оның 19 тәртіп бұзушылық әрекеті тіркелген. Осыған байланысты мекеме әкімшілігі сотқа шағым түсірген.
– Сотталушының тәртіп бұзушылықтары үшін жазалары жиынтығында 19 мәрте тіркелген. Бұл ескертулер мен тәртіпке шақыру әрекеттеріне қарамастан, оның мінез-құлқында оң өзгеріс байқалмады. Сондықтан сотқа шағым жолданды, – деп мәлімдеді Павлодар облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі.
Сот отырысында сотталушы өз кінәсін мойындамады және барлық тәртіп бұзушылықтарды жоққа шығарды. Алайда сот оның тәртібін негізге ала отырып, жазасын бір жарым жылға ұзарту туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар ұстау режимі орташа қауіпсіздіктен максималды қауіпсіздік деңгейіне ауыстырылды.
Айта кетейік, тәртіп бұзушылықтары болмаған жағдайда, сотталушы 2025 жылдың тамыз айында босатылар еді. Енді ол 2027 жылы ғана бостандыққа шығады. Қазіргі таңда ол жалған айғақтар беруге мәжбүрлегені үшін жазасын өтеп жатыр. Сот қаулысы заңды күшіне енді.