Солтүстік Қазақстан облысында биыл 191 есірткі қылмысы тіркеліп, жарты тоннадан астам түрлі психоактивті заттар мен есірткі тәркіленді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Есірткі қылмысымен күресу үшін кешенді жұмыс атқарылмақ.
Петропавлда барлық деңгейдегі әкімдердің қатысуымен жиын өтіп жатыр. Іс-шарада көтерілген мәселелердің бірі – нашақорлықпен күрес.
СҚО әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұловтың айтуынша, өңірде 498 адам нашақор ретінде есепте тұр, оның ішінде 40 әйел және үш бала бар. Өткен жылмен салыстырғанда әйелдер мен балалар арасында нашақорлар саны артқан.
«Жұмыс тобы құрылды, ұйымдастырушылық, ақпараттық және профилактикалық сипаттағы 90-нан астам іс-шараларды қамтитын кешенді жоспар әзірленді. Келесі кезең - оны әр аудан, әр ауылдық округ деңгейінде қолға алу.
Әрбір аудан әкімі, ауылдық округ әкімі осы жұмысқа белсенді қатысуы тиіс. Қоғамның барлық топтарын: жергілікті белсенділерді, жастар ресурстық орталықтарын, спортшылар мен ақсақалдарды тарту қажет.
Біз үкіметтік емес әсіресе жастар ұйымдарының әлсіз жұмысын көріп отырмыз, сондықтан қаржыландыру деңгейін арттырып, жаңа жобаларды қалыптастыру керек», - деді Жүсіп Жұмағұлов.
Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, енді есірткі қылмысының алдын алу жұмысы бойынша аудан әкімдерінің рейтингі жасалмақ.
«Рейтинг әр түрлі индикаторлардан, соның ішінде нашақорлық деңгейі туралы жергілікті тұрғындар арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнамадан тұрады. Қылмыс санының өсуі немесе төмендеуі, жергілікті жерлерде жүргізілетін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының саны мен сапасы да есепке алынады.
Мәселен, Айыртау ауданында есірткі қылмысы екеуге, облыс орталығында 12-ге өскенін көріп отырмыз», - деді Жүсіп Жұмағұлов.
Есірткі қылмысымен күресу үшін өңірде бейнебақылау желісін арттыру жоспарланған, тағамға қосатын көкнәр секілді заттарды сататын дүкендерге бақылау күшейтілмек.
Бұған дейін СҚО-да жыл басынан бері әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық еселеп артқанын жазған едік.