Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңес отырысын өткізді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Қазақстан Президентінің төрағалығымен «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) басқару жөніндегі кеңес отырысы өтті.
Жиын басталғанға дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы орталығының экожүйесін дамытуға зор үлес қосқан қатысушылар қызметімен танысты. Freedom Finance Global, China Construction Bank Corporation Астана филиалы, Fix Price Group, Grata International және Binance Kazakhstan Technologies компанияларының басшылары өз қызметтерінің нәтижелерін баяндап, инвестициялық жобалар, даму жоспарлары туралы мәлімет берді
Отырысты ашқан Мемлекет басшысы жаһандық капитал нарығындағы қарқынды өзгерістер, жаңа халықаралық сауда-экономикалық байланыстардың қалыптасуы, сондай-ақ елдер арасындағы интеграциялық процестердің нығаюы, қаржы ағынын қайта бөлу жайында айтты.
Президенттің пікірінше, қазіргі сын-қатерлер мен өзгерістер Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Осы орайда Мемлекет басшысы елдің орнықты әрі қарқынды дамуын қамтамасыз етудегі «Астана» халықаралық қаржы орталығының маңызды рөліне тоқталды.
– Салыстырмалы түрде алсақ, қысқа мерзім ішінде АХҚО айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Инвестиция тарту үшін өте ыңғайлы жағдай жасалды. Оның аймақта баламасы жоқ. Инвесторларымызға қолайлы салық, виза және еңбек режимі ұсынылды. Әр инвесторды жеке және кешенді қолдау қағидалары енгізілді. Әділ әрі бейтарап сот жүйесі құрылды. Жаңа цифрлық шешімдердің арқасында IPO-ға қатысу Қазақстанның барлық тұрғынына қолжетімді болды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан соң, Мемлекет басшысы АХҚО алдында аймақтағы табысты қаржылық хаб ретіндегі мәртебесін нығайту міндеті тұрғанына назар аударды. Сондай-ақ бірқатар өзекті мәселеге тоқталды.
Атап айтқанда, Президент ел экономикасына одан әрі инвестиция тартудың маңызын және инвестициялық экожүйені жақсарту қажет екенін атап өтті.
– Орталық қазірдің өзінде АҚШ, Еуропа, Ұлыбритания, Азия және Таяу Шығыс елдеріндегі бірқатар серіктестермен тығыз ынтымақтастық орнатты. Біріккен Араб Әмірліктері мен Сауд Арабиясының ірі компанияларымен инвестициялық жобаларды ілгерілету бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі АХҚО-ның инвестициялық әлеуетін және Қазақстан экономикасын айтарлықтай нығайтуға мүмкіндік береді. Дегенмен Орталық Үкіметпен және ұлттық институттармен өзара ықпалдастығын жандандырып, реттеуші базаны жетілдіруді жалғастыруы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы өтімділік қор нарығын дамытудың негізгі көрсеткішінің бірі екенін атап өтті. Оны, ең алдымен, институционалдық инвесторлар қамтамасыз етеді. Қазір азаматтардың зейнетақы жинағының 50 пайызына дейінгі бөлігін жеке инвестициялық басқарушыларға беру бойынша жұмыс басталды. Осы орайда зейнетақы активтері мен АХҚО-дағы қаржы институттарына шетелдік инвестициялық басқарушы компаниялардың қол жеткізуіне мүмкіндік беру жайын ойластыру қажет.
Бұл ретте Мемлекет басшысы Ұлттық банкке Үкіметпен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен, АХҚО-мен бірге компанияларды Орталықта локализациялау бойынша талаптарды күшейту мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынды.
Президент шетел нарығында бір мезгілде орналастырылған жағдайда жергілікті қор нарығындағы бағалы қағаздардың үлесі мен көлемінің шегін біртіндеп ұлғайтуды басым міндеттің бірі ретінде атады. Сонымен қатар жеке қазақстандық компанияларды ашық алаңға шығаруды ынталандырудың маңыздылығына назар аударды. Бұл олардың қызметінің жариялылығы мен тиімділігін растайды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, келесі басымдық – бекітілген «ойын ережесін» қатаң сақтау.
– Конституциялық заң кепілдік берген АХҚО-дағы салық режимі Орталықты дамыту стратегиясының маңызды бөлігі саналады. Ол жаһан инвесторлары үшін Қазақстаннның тартымдылығын арттыруда негізгі рөл атқарады. Бұл біздің тұрақты ұстанымымыз, одан бас тартпаймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, Қазақстанда көміртек нарығын дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Қазір Еуропа Одағы елдері көміртек механизмдерін шекарада реттеуді енгізуге дайындалып жатыр. Бұл отандық өнімдерді Еуропаға экспорттауға едәуір кедергі келтіруі мүмкін.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы төтенше жағдайға қарсы тұрудың тиімді қаржылық тетігін құру қажет екеніне тоқталды. Түрлі мемлекеттік сақтандыру қорлары табиғи апаттардың салдарымен күресуге қолдау көрсетуі керек. Үкімет Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен, «Астана» халықаралық қаржы орталығымен бірлесіп, Орталық юрисдикциясында осы мақсаттағы қор құру мәселесін жан-жақты зерттеуі керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев отырысты қорытындылай келе АХҚО-ның былтыр атқарған қызметінің жылдық есебін бекітті.
Іс-шарада АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров, Solidcore Resources plc компаниясының бас атқарушы директоры Виталий Несис, Amicorp Fund Services компаниясының бас операциялық директоры Робин Хёкян, АХҚО Сотының төрағасы лорд Ян Бернетт, АХҚО қаржы қызметтерін реттеу комитеті директорлар кеңесінің төрағасы Анжела Найт, АХҚО Биржалар директорлар кеңесінің төрағасы Тимоти Беннетт сөз сөйледі.