Алматы облысының полициясы WhatsApp арқылы азаматтарды 20 миллион теңгеге алдаған күдіктіні құрықтады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қарасай ауданының тұрғыны WhatsApp мессенджерін пайдалана отырып, жасалған салымды екі еселеуге жалған уәде берген. Алаяқ WhatsApp арқылы топ құрып, аңғал азаматтарды сендірген. Банк картасының деректемелерін жібере отырып, әйел құрбандарына біраз күннен кейін табыс келеді деп уәде берген.
– Өкінішке орай азаматтардың арасында алаяқтың айла-амалдарына көніп, оның талаптарын орындап, қаражатты бірден аударғандар болды. Қысқа уақыт ішінде миллион теңгеден астам табыс алып, алаяқ материалдық пайда көру мақсатында, әрі қарай адамдарды алдауды жалғастырған, – деп атап өтті Қарасай аудандық полициясында.
Алаяқтың қолынан төрт жергілікті тұрғын зардап шекті. Залал сомасы шамамен 20 миллион теңгені құрады.
Тергеу кезінде әйелге қатысты “келу туралы міндеттеме” түріндегі процессуалдық мәжбүрлеу шарасы таңдалды. Қазіргі уақытта оның басқа ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Өңір полициясы азаматтардан мұқият болуды және жеңіл ақша жоқ екенін ұмытпауды сұрайды. Ешкімге және ешбір жағдайда өзіңіздің жеке деректеріңізді және банк карталарыңыздың деректемелерін бермеңіз, аударымдар туралы түбіртектерді, әсіресе кодтар мен құпия сөздерді айтпаңыз. Тексерілмеген немесе күмәнді ақпарат көздеріне сенбеңіз. Күмән тудыратын мәмілелер бойынша аударымдар жасамаңыз және қаржылық схемалардан сақ болыңыз. Банк қызметтеріне кіру парольдерін үнемі өзгертіп отырыңыз, қауіпсіздік шараларын қолданыңыз және шоттарыңыздағы ақшаның қозғалысын тексеріңіз.