Биыл Қызылорда полицейлері жоғалған 22 жасөспірімді іздеп тапты, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қызылорда қаласы полиция басқармасының ювеналды полиция бөлімшесінің инспекторлары кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы, балалардың қадағалаусыз қалуының алдын алу, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған, қолайсыз және әлеуметтік осал отбасыларда тәрбиеленетін балалардың алдын алу іс-шараларын жүйелі түрде жүзеге асыруда.
Мәселен, жыл басынан бері басқарманың “102” арнасына үйінен шығып кетіп, қайта оралмады деген 22 хабарлама тіркелген. Аталған 22 хабарлама бойынша тәуліктің түнгі мезгілінде, яғни 23:00-ден кейін қоғамдық орындарда анықталған 9 кәмелетке толмаған жасөспірімдердің заңды өкілдеріне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы 2-бөлігімен әкімшілік шара көрілді. 6 жасөспірімге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, қалған 16-на қатысты құжаттар жинақталып, номенклатуралық іске жолданды. Бірнеше мәрте белгісіз бағытқа кетіп қалу деректерін қайта қайталап жасағаны үшін 1 жасөспірім басқарманың БДБ есебіне алынып, қазіргі таңда Девиантты мінез-құлық балаларға арналған мектеп-интернатына жатқызылды, одан бөлек ата-анасына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы 3-бөлігімен (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) әкімшілік шара көрілді.
2024 жылдың төрт ай қорытындысымен қадағалаусыз және панасыз қалған 110 жасөспірім Қызылорда облысының Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.
– Үйден кетудің себептері әртүрлі. Кейбір балалар қаңғыбастыққа бейім немесе еркіндіктің дәмін татқысы келеді. Әсіресе ата-аналармен жанжалдан кейін. Құрметті ата-аналар, сіздерден балаларыңыздың уақытын бақылауды және оларды тәрбиелеу бойынша өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарауды сұраймыз, – дейді басқарма бастығы Айдар Демегенұлы.