Шымкентте 21 жеткіншек кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Мегаполистің ювеналды полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықпен күрес бойынша 3 күндік жедел-профилактикалық іс-шараны қорытындылады.
Түнгі рейд барысында тәртіп сақшылары беймезгіл уақытта тұрғын үйден тыс жерлерде жүрген кәмелетке толмаған 108 баланы анықтады. Олардың заңды өкілдері жауапқа тартылды.
Сондай-ақ түнгі уақытта жасөспірімдердің ойын-сауық мекемесінде болуына жол берген 5 тұлға айыппұл арқалады.
Бұған қоса, қадағалаусыз жүрген 21 жеткіншек кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.
Айта кетейік, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған “Түнгі қаладағы балалар” ЖПІШ полиция қызметкерлерімен тұрақты түрде өткізіледі.