Алматыда 4 наурызда болған жер сілкінісі ірі қаладағы бүкіл жұртты дүрліктіріп, бәрі бірден сыртқа шығуға тырысқан. Алайда өміріне төнген қауіпке қарамастан жұмысын жалғастырғандар да бар. Соның бірі – хирург пен дәрігерлер. Ота барысында үрейленсе де, адам өміріне араша түскенін әлеуметтік желіде Алматы орталық клиникалық ауруханасының нейрохирургия бөлімінің басшысы Марат Саршаев жазды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
– Біз өмір бақи есімде қалатын сынақпен бетпе-бет келдік. Операция үстелінде көпбалалы жас ана жатқан. Үміт пен үрейге толы сәт. Бәрі жоспарға сәйкес, өтіп жатқан. Кенет жер сілкініп, дүңк ете түсті. Үрей, күдік, ішкі арпалыс – ойымыз әуелі сан-саққа кетті, – деп жазады ол.
Марат Саршаев операциялық бригаданың негізгі хирургы ретінде сол тұста алдында екі таңдау тұрғанын айтады. Бірі – персоналды толық сыртқа шығару, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету немесе пациенттің өмірі үшін арпалысты жалғастырып, өзінің де, әріптестерінің де өмірінқауіпке тігу.
– Біздің қатардағы әрбір адам өз борышы мен адамдығын таңдады. Біз жұмысты жалғастырып, отаны аяқтап, күшіміз бірлікте екенін дәлелдедік. Мен командамыздағы әр адам алғыс айтқым келеді, – деген ол Маханбетхан Шаяхмет, Құжат Досхан, Аслы Теменованы, Айжарық Нағыметованы, Е. Оборонконы атап өтеді.
Зілзала қайталануы мүмкін
2024 жылдың 4 наурызы сағат 11.22-де Алматыда бұрынғыдан да қатты жер сілкінісі болды. Жер сілкінгенін сезіп, дабыл белгісін естіген алматылықтар көшеге шығып, қауіпсіз орын іздей бастаған. ТЖМ табиғи жайтқа “қатты жер сілкінісі” деп баға берді. Жер дүмпуінің магнитудасы 5 балға жетті.
Ал Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев жер сілкінісі қайталануы мүмкін екенін айтты.