Қызылорда полицейлері “Anti-fraud” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында кезекші тәулікте 4 қылмыстың бетін ашты, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
19-21 ақпан аралығында облыс көлемінде “Anti-fraud” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Іс-шара барысында қала тұрғындарының қаржылық құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында барлық қала, ауданның полиция бөлімдерімен профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып, дүкендер мен базар аумақтарына ескертпелер ілініп, жадынамалар таратылды.
Сонымен қатар кезекші тәулікте жедел анықтау жолымен 4 қылмыс анықталды, оның ішінде интернет-алаяқтықтың 3 дерегі және интернет арқылы жасалған ұрлықтың 1 дерегі болды. Бұрын жасалған 14 қылмыстық істің күдікті тұлғалары анықталды.
Мысалы, 19 ақпан күні Қызылорда қалалық полиция басқармасына 68 жастағы қала тұрғыны арызданған болатын. Арызданушының айтуынша, оның танысы Samsung Galaxy A50 үлгісіндегі телефонын ұрлап алып, банк қосымшасы арқылы 4 миллион теңге ақшасын басқа банк есеп шоттарына заңсыз аударып алған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 30 жастағы күдікті анықталып, басқармаға жеткізілді. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты ақпараттық жүйеге заңсыз кіру жолымен жасалған ұрлық бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері басталды.