Түркістан облысында киберқылмысқа қарсы күрес қызметкерлері 31 алаяқты ұстады, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
ҚР ІІМ “CyberPol” пилоттық жобасын іске қосқан болатын. Бұл жоба цифрлық технологиялар арқылы жасалатын заңсыздықпен күресу, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау, ел тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыруды көздейді. Осы бағытта Түркістан облысы ПД криминалдық полиция басқармасында киберқылмыс пен интернет-алаяқтықтың алдын алып, анықтауда 6 жедел уәкіл, 3 тергеушіден құрылған “Киберқылмысқа қарсы күрес” тұрақты тобы қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр.
Департамент бастығының тапсырмасымен құрылған топ интернет-алаяқтық қылмысымен айналысқан жалпы 31 тұрғынды ұстап, олардың 56 дерек интернет-алаяқтық қылмысына қатысы барын дәлелдеген. Бұл қылмыстық істер бойынша жинақталған іс құжаттар сотқа жолданған.
Мәселен, бұл топтың жедел уәкілдері облыстың бірнеше тұрғынын алдап, олардың атынан онлайн несие алған жас жігітті ұстады. Нақтырақ айтсақ, Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Ол көлігіне жолаушы болып отырған жас жігіт әңгімеге тартып, сеніміне кіріп, телефонын сұрап алып, ондағы банк қосымшасын пайдаланып, оның атына 1,6 млн теңге несие рәсімдеп алғанын жеткізді. Ақпарат алысымен арнайы құрылған топ қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтауда жан-жақты жұмыс жасады.
Нәтижесінде күдікті ретінде Сарыағаш ауданының тұрғыны, жұмыссыз жас жігітті анықтады. Ол 6 бірдей жүргізушіні алдап, оларға жалпы 6 млн теңгеге жуық материалдық шығын келтіргені белгілі болды. Несиеге мақұлдау алған алаяқ, танысы ақша салып жібергенін айтып, жүргізушінің телефоны арқылы арнайы терминалдардан қаражатты шешіп алып отырған. Қазіргі таңда күдікті қамауда, оған қатысты материалдар айыптау актісімен сотқа жолданды.
Айта кетсек, киберқылмысқа қарсы күрес қызметкерлері орын алған интернет-алаяқтық қылмыстарын саралап, жергілікті халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында жүйелі профилактикалық іс-шараларды үнемі ұйымдастырып келеді. Мысалы, бұл топпен 18-20 сәуір күндері аралығында ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын құқық бұзушылықтарға, оның ішінде интернет-алаяқтыққа қарсы күрес тиімділігін арттыруға бағытталған “Anti-Fraud” жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.