Үкімет отырысында Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы қабылданды, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, құжат саладағы қазіргі ахуалды және үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып әзірленген. Еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 20 жаңа су қоймасын салу және 15 жұмыс істеп тұрған су қоймасын реконструкциялау, сондай-ақ 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналдар мен гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту көзделіп отыр.
Тасымалдау кезіндегі судың өнімсіз шығынын 50-ден 25%-ға дейін төмендету, ал қолда бар су ресурстарын 2,4 текше км-ге ұлғайту жоспарланып отыр. Жалпы жоспарланған тәсілдерді іске асыру 2030 жылға қарай суармалы жерлердің аумағын 2,5 млн га-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Фермерлерді су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру үшін суару жүйелерін құруға, сондай-ақ тамшылатып және жаңбырлатып суару жабдықтарын сатып алуға арналған шығындарды субсидиялау үлесі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылатын болады. Осының арқасында су үнемдеу технологиялары қолданылатын суармалы жерлердің ауданы 1,3 млн га-ға дейін өседі, шамамен 2,1 текше км су үнемделеді, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімінің өнімділігі айтарлықтай артады деп күтілуде.
Бүгінгі таңда hydro.gov.kz цифрлық платформасын құру жұмыстары аяқталуда, онда су объектілері, гидротехникалық құрылыстар, су шаруашылығы бассейндері мен учаскелері, гидропосттар және т.б. жинақталған бірыңғай Су кадастры қалыптастырылатын болады. Оны биылғы 3-тоқсанда өнеркәсіптік пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар министр Тұжырымдамада 3,5 мың шақырымнан астам су арналарын цифрландыру және суару жүйелерінің есебін автоматтандыру көзделгенін айтты.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды және Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірлерде жаңа су қоймаларын салуға дайындық және су үнемдеу технологияларын енгізу туралы баяндама жасады.
Премьер-Министрдің айтуынша, суды тиімді пайдалану – аса маңызды міндеттердің бірі, сол үшін ұсынылып отырған Тұжырымдама осы бағыттағы негізгі бағдарламалық құжат болады.
«Оны іске асыру су ресурстарына мониторинг жүргізу мен болжаудың нақты жүйесін жолға қоюға ықпал етеді. Бұл жүйе су қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан өте қажет. Тұжырымдаманың маңызды бағыты – су шаруашылығына қажетті инфрақұрылымды салу және реконструкциялау. Көп жылдар бойы оларды күтіп ұстауға тиісті көңіл бөлінбей келді», — деді Әлихан Смайылов.
Мысал ретінде Үкімет басшысы Орталық Қазақстан мен Астананың басты су арнасы – Қаныш Сәтбаев атындағы каналда сорғы станциялары жұмысының тиімділігі небәрі 30% екенін айтты. Үлкен Алматы каналына пайдалануға берілген кезден бастап 40 жыл бойы жөндеу жүргізілмеген.
Одан бөлек Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарында магистральдық және шаруашылық аралық арналардың көпшілігі тозған – нәтижесінде 40% су ысырап болуда.
Үкімет басшысының сөзінше, тұжырымдаманың тағы бір маңызды бағыты – су үнемдеуді ынталандыру.
«Су тапшылығында және суды тұтынудың артуы кезінде, ең алдымен, су шығынын азайту мен оны ұқыпты пайдалану өте маңызды. Біз қазір фермерлерге су беру құнын субсидиялап отырмыз. Сондай-ақ су үнемдеу технологияларын сатып алуға жұмсалған шығынның 50%-ын өтейміз. Биыл бұл межені 80%-ға дейін көтеру жоспарлануда», — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Премьер-Министр елімізде су үнемдеу жүйелерін енгізу қарқыны төмен деңгейде қалып отырғанын айтты.
«Технологиялар құны қымбат. Оған диқандардың көпшілігінің шамасы жетпейді. Сондықтан оларды өзімізде шығаруды қолға алу керек. Мұндай жобалар қазірдің өзінде талқылануда. Оларды іске асыруымыз қажет», — деді Премьер-Министр.
Жалпы Үкімет басшысы су ресурстарын пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулер жүйесін жолға қою керектігін айтты. Атап айтқанда, Ертіс өзенінің ресурсын аумақтар арасында қайта бөлуді қарастырудың маңызы зор.
Келесі кезекте – трансшекаралық суды пайдалану мәселелерін шешу. Әлихан Смайылов көрші мемлекеттермен осындай келісімдерді әзірлеу аясында келіссөздер процестерін күшейту үшін маңызды аргументтер қалыптастыру жағына мән берілуі тиіс екенін атап өтті.
«Жалпы Тұжырымдамада жоспарланған барлық іс-шараны сапалы іске асырып, оған жауапкершілікпен қарау еліміздегі су ресурстарын басқарудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және өңір әкімдіктерімен бірге оны тиімді іске асыруды қамтамасыз етуі қажет», — деді Премьер-Министр.
Әлихан Смайылов өңір әкімдіктеріне 1 айлық мерзімде коммуналдық суару мен жеке суару жүйелерін қалпына келтіру және оларды цифрландыру бойынша жол карталарын қабылдауды, сондай-ақ коммуналдық гидротехникалық құрылыстарды жан-жақты тексеруді тапсырды.
Сонымен қатар Үкімет басшысы Тұжырымдаманы тиімді іске асыру үшін Су саласын дамытудың кешенді жоспарын қабылдау қарастырылғанын айтып өтті.
«Бұл жоспар Тұжырымдаманы модернизациялау мен салуды қарастыратын су инфрақұрылымы объектілерінің нақты тізбесімен толықтырады. Су ресурстары және ирригация министрлігі 2 апталық мерзімде Кешенді жоспардың жобасын Үкімет Аппаратына енгізуді қамтамасыз етсін», — деді Әлихан Смайылов.
Қорытындылай келе, Премьер-Министр 1 ай мерзімде отандық су үнемдеу жабдықтарының өндірісін ұйымдастыру жөнінде нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.