ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен «Израиль-Қазақстан» сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Михаэль Роэ Қазақстанда агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын басқару жөніндегі израилдік тәжірибені қолдану перспективаларын талқылады, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Кездесу барысында суару тиімділігін арттыру, суды үнемдеу, тамшылатып суарудың заманауи технологияларын енгізу, аграрлық ғылымды дамыту, сондай-ақ мал шаруашылығында, сүт өндіруде және құс шаруашылығында жаңа тәсілдерді қолдану мәселелері жан-жақты талқыланды.
Әлихан Смайылов ҚР Үкіметі серіктестікті кеңейтуге және Израилмен көпқырлы өзара тиімді қарым-қатынастарды нығайтуға үлкен мән беретінін баса айтты. Атап айтқанда, ол елдің ауыл шаруашылығы саласындағы үздік жетістіктері қызығушылық тудыруда.
«Біз израилдік технологияларды зерттеуге және оларды агроөнеркәсіп кешенін дамытуға серпін беру үшін тартуға дайынбыз. Суару және су үнемдеу мәселелері де өте өзекті. Біз мемлекеттің осы салаға бағыттап отырған қаражатының тиімділігін арттырып, нақты нәтижелерге қол жеткізгіміз келеді», — деді Премьер-Министр.
Бұл ретте, ол әрбір деңгейді жеке қарап, қажетті түзетулер енгізіп отыру үшін бүкіл өндірістік циклді ескеру маңызды екенін айтты.
«Мысалы, агрегаттар құрастыру, машина жасау және басқа да жабдықтарды өзімізде шығару үшін мемлекет тарапынан қандай қолдау шаралары болуы керек, ғылым, білім және өндіріс салаларынан қандай қолдау қажет болады. Мұның барлығын кешенді түрде қарастыру керек. Біз бұл бағыттар бойынша бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз», — деді Әлихан Смайылов.
Өз кезегінде Михаэль Роэ Қазақстанның ішкі нарық қажеттіліктерін толығымен өтеуге әлеуеті жеткілікті екенін және АӨК-ті дамытудың кешенді тәсілі арқылы жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қоса алатынын атап өтті.
Ол Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру шеңберінде ауыл шаруашылығы саласында израилдік агротехнологиялар мен су ресурстарын басқару әдістерін қолдануға кешенді қолдау көрсетуді ұсынды.
Кездесу қорытындысына сәйкес тәжірибе алмасу және барлық айтылған мәселелер бойынша бірлескен жұмысты жақын арада ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Сондай-ақ кездесуге ирригация және су ресурстары министрі Нұржан Нұржігітов пен ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров қатысты.