2023 жыл бойына БЖЗҚ салымшыларының шоттарына 1,6 трлн теңге шамасында таза инвестициялық кіріс есептелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткіштерінен 685,4 млрд теңгеге немесе 77,7% артық, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі БЖЗҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (ҚРҰБ) басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша кірістілік 2023 жылы 10,1% құрады. Бұл кезеңдегі инфляция 9,8% мөлшерінде болды. Инвестициялық кіріс қаржы құралдары (бағалы қағаздар, салымдар және басқа операциялар) бойынша сыйақы түріндегі кірістерден, қаржы құралдарын нарықтық және валюталық қайта бағалаудан, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістерден және т. б. тұрады. ҚР Ұлттық Банкі және инвестициялық кірісті алу мақсатында зейнетақы активтерін басқарушылар болып табылатын инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) зейнетақы активтерін ҚР-да және шетелде экономиканың түрлі секторларының әр түрлі қаржы құралдарына түрлі валюталарда орналастырады. Әртараптандыру зейнетақы жинақтарының сақталуын және орнықты табыстылығын қамтамасыз етеді. Осылайша, портфельді әртараптандыру арқылы 2023 жыл ішінде оң инвестициялық кіріс алынды.
БЖЗҚ зейнетақы активтері ұзақ инвестициялық көкжиекке ие және инвестициялаудың негізгі мақсаты – ұзақ мерзімді кезеңде нақты табыс алу. 1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған күннен бастап инвестициялық кіріс 2024 жылғы 1 қаңтарда шамамен 9,4 трлн теңге болды, ал бүкіл кезең ішінде жинақталған инфляция 754,3% болғанда жинақталған инвестициялық кірістілік өспелі қорытындымен 816,4% көрсетті. Осылайша, ұзақ мерзімді кезеңдегі жинақталған инвестициялық кіріс инфляциядан асып түсті.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда инфляция деңгейін ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына бірегей кепілдік бар. Төлемдер құқығы басталған кезде салымшының жинақталған кірістілігіне әсер еткен жекелеген кезеңде кірістіліктің төмендеуі кезінде де айырмашылықты өтеуге мемлекет кепілдік береді.
Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару мен есепке алудың бүкіл жүйесі ашық болып табылады: әрбір салымшының enpf.kz сайтындағы жеке кабинетінде немесе мобильді қосымшада өзінің инвестициялық табысын көруге мүмкіндігі бар.
БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және олар орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпарат Қордың (www.enpf.kz) ресми сайтындағы «Көрсеткіштер/Инвестициялық қызмет» бөлімінде жарияланады.
Көптеген маңызды және пайдалы ақпаратты, соның ішінде жинақтаушы зейнетақы жүйесі сарапшыларының зейнетақы активтерін инвестициялау туралы сұхбатты - БЖЗҚ ЕНПФ YouTube-арнасынан көруге болады.