Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде 2023 жылдың жұмыс қорытындысы бойынша алқа отырысы өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР МҚІА Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оған Президент Әкімшілігінің өкілдері, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, Агенттік жанындағы Қоғамдық кеңес, Әдеп жөніндегі комиссия, Сервистік мемлекеттік аппаратты қалыптастыру және оның қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі Консультативтік-сараптамалық топ мүшелері қатысты.
Алқа мәжілісінде МҚІА төрағасы Дархан Жазықбай Агенттік өзінің мемлекеттік қызмет саласын бақылау функциясы аясында азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғауға баса назар аударатынын атап өтті.
Осы мақсатта Агенттікпен өңірлердегі Әдеп жөніндегі кеңестердің құрамына БАҚ өкілдері мен жұртшылықтың белсенді өкілдерін тарту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді.
2023 жылы Әдеп жөніндегі кеңестердің 195 отырысы өткізіліп, онда 1300-ден астам өтініштер мен сұрақтар қаралды. Олардың 62% профилактикалық сипатта болды және әдептілік құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталды. Жыл қорытындысы бойынша Әдеп жөніндегі кеңестер ұсыныстарының 96% -ы орындалды, бұл аталған институт жұмысының тиімділігінің жоғары көрсеткіші саналады.
Агенттіктің үйлестіруімен өңірлерде әдеп жөніндегі уәкілдер тарапынан ауқымды түсіндірме жұмыстары жүргізіліп 26 мыңнан астам азамат пен мемлекеттік қызметшілерге жеке консультативтік көмек көрсетілді.
Айта кету керек, 2023 жылы Агенттікпен 396 тексеру жүргізіліп, 13 мыңнан астам бұзушылық анықталды. Тексерістердің қорытындысы бойынша заңсыз актілердің күшін жою туралы 345 ұсыным және ұйғарым енгізіліп, олардың 97,9%-ы толығымен орындалды. Бақылау шараларының нәтижесі бойынша қабылданған шешімдердің арқасында 191 азаматтың құқығы қорғалды.
Дархан Жазықбай мемлекеттік қызмет – бұл мемлекеттік қызметшілерден елдік мүддені, заңдар мен адамгершілік ұстанымдарды жеке пайдадан биік қоюды талап ететін қоғамдық сенім екенін ескертіп, соған орай мемлекеттік қызметшілердің әдеп қағидаттарына жоғары талаптар қойылатынын айтты.
Агенттікпен мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексіне түсіндірмелер әзірленді. Олар Кодекстің нормаларын тәжірибеде қолдану барысында дұрыс түсінуге бағытталған.
Сондай-ақ Агенттік басшысы мемлекеттік қызметшілердің құмар ойын мекемелеріне бару фактілеріне орай қоғам тарапынан сыни пікірлер мен наразылықтар туындап жататындықтан өткен жылы Әдеп кодексіне мемлекеттік қызметшілерді құмар ойын мекемелеріне барудан тартынуға ынталандыру бойынша түзетулер енгізілгенін атап өтті.