Павлодар қаласында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғаринге мал шаруашылығы өнімдерін цифрлық қадағалау бойынша пилоттық жоба таныстырылды, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Жобаның міндеті – «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» АЖ-да және Бірыңғай автоматтандырылған басқару жүйесі АЖ-ның Ветеринариялық қауіпсіздік модулінде «Vet Monitoring» модулін сынап, іске қосу.
Пилот аясында екі цифрлық процесс сынақтан өткізіледі: «мемлекеттік шекарадан – межелі пунктіге дейін» және «туғаннан бастап – өнімге дейін». Ақпараттық жүйелердің жұмысы «Жайлау» фермерлер базарының аумағында таныстырылды. Сөрелерден ет сатып алып, QR коды арқылы оның қайдан шыққаны туралы ақпаратты біле аласыз.
«Мемлекеттік шекара – межелі пункт» процесінің әрекет ету принципі: Шарбақты ветеринариялық бақылау бекетінде Алматыға баратын ет, сүт немесе басқа да мал шаруашылығы өнімдері тексерістен өтеді. Мемлекеттік ветеринариялық инспектор ақпараттық жүйеге тексеріс бойынша мәліметтерді енгізіп, ветеринариялық сертификаттың заңдылығын растайтын QR-коды бар тексеру актілерін жасап, жүктің тексерістен өткені туралы аумақтық инспекцияларға хабарлама жібереді.
«Ветеринариялық тексеріс кезінде сынама алынса, зертханаға тиісті хабарлама жіберіледі. Сынама алынған жүгі бар көлік сараптама нәтижелерін күтпестен әрі қарай жүре береді, ол бірнеше күннен кейін келуі мүмкін. Зертханалық зерттеу нәтижесін QR-кодты сканерлеу арқылы сынама актісінен көруге болады. Сынамалардан нормадан ауытқулар табылса, әрі қарай өткізуге шектеу қойылады», — деп түсіндірді ауыл шаруашылығы вице-министрі Амангалий Берделин.
«Туғаннан – өнімге дейін» процесі ветеринариялық-санитариялық сараптаманың барлық функционалын цифрландырады: малды союдан және сараптама жүргізуден бастап нарықта сатуға дейін. Ол сондай-ақ қажетті анықтамаларды беруді, сараптама жүргізуді және өткізу орындарында QR-код жасауды қамтиды.
«Vet Monitoring» модулінде ұсынылған процестер ашықтықты қамтамасыз етеді, рәсімдер санын едәуір қысқартады, ветеринариялық тексеру мен сараптама жүргізбей, мал союдың алдын алады. Сондай-ақ мал басының толық әрі нақты есебін жүргізіп, оларды цифрлық бақылауға мүмкіндік береді. Пилоттық жоба 2024 жылғы 31 наурызға дейін жалғасады.
Бүгінгі таңда Бірыңғай автоматтандырылған басқару жүйесі АЖ-да бордақылау алаңдарына, сою пунктілеріне, етті сақтау, өңдеу және малды, өнімдер мен шикізатты өткізу орындарына, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жем-шөп пен жем-шөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарға есептік нөмірлер беретін мемлекеттік қызметтер қолжетімді.
Анықтама: Бүгінгі таңда ел аумағында 851 сою нысаны бар (68 ет өңдеу кәсіпорны, 251 сою пункті, 532 сою алаңы). Ветеринариялық талаптарға сәйкес келмегендіктен, 106 сою нысаны жұмыс істемейді (оның ішінде 27-сі – ет өңдеу кәсіпорындары, 77-сі – сою пунктілері және екеуі – сою алаңдары), 661 сою алаңының есептік нөмірлері қайтып алынды.