Абай облысында жол апаты салдарынан екі адам көз жұмды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Абай облысының Көкпекті ауданында екі көліктің қатысуымен қайғылы жол апаты болды. Апат салдарынан екі адам қаза тапты. 102 арнасына белгісіз ер адамнан республикалық маңызы бар Омск Майқапшағай тасжолында жол-көлік оқиғасы болып, зардап шеккендер бар екені туралы хабарлама келіп түскен.
Алдын ала мәлімет бойынша, Mazda 626 автокөлігін басқарған 51 жастағы облыс орталығының тұрғыны басып озу маневрін орындау кезінде қарсы жолаққа шығып кеткен. Қарсы бағытта келе жатқан Mercedes-Benz Sprinter көлігі соқтығысты айналып өте алмады.
Жол апаты салдарынан жүргізуші алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Түрлі дене жарақаттарымен тағы бір көліктің жолаушылары ауруханаға жатқызылды. Mazda 626 автокөлігіндегі 20 жастағы жолаушы ауруханада есін жимай, көз жұмған.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды, оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады.
Абай облысы полиция департаменті жүргізушілерге жолда абай болып, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды, сондай-ақ ауа райы жағдайын ескеруді тағы да ескертеді.
Іс бойынша басқа ақпарат Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексiнің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды. Конституцияның 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес әрбір адам оның қылмыстық құқық бұзушылық жасауға кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен анықталғанға дейін кінәсіз деп танылады.