Үшінші мегаполис кәсіпкерлері Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментіне Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының іс әркетіне қатысты шағымдар түсірді, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Аталған арыздың негізінде, Департамент тарапынан Басқармаға қатысты тексеру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде бірқатар мәселелер анықталды.
Айталық, кәсіпкерлер жолаушыларды тасымалдау саласы бойынша субсидия алу үшін қызмет көрсетуші Басқармаға өтініштермен жүгінген. Бірақ, басқарма әлеуметтік маңызы бар қатынастар бойынша автомобильдік жолаушылар тасымалын жүзеге асыру мемлекеттік көрсетілетін қызмет талаптарын сақтамай, төленетін тиісті субсидияны беруден уәжсіз бас тартқан.
Талапқа сәйкес, қызметті беруші мемлекеттік қызметтер көрсетуден бас тартқан жағдайда, қызметті алушыға қызмет көрсетуден бас тартудың себептерін көрсете отырып жауап жіберуге міндетті.
Өз кезегінде, тексеру нәтижесімен жоғарыда көрсетілген кемшілік бойынша жауапты қызметшінің тәртіптік жауапкершілігі қаралып, кәсіпкерлерге төленетін тиісті 800 млн. теңгеге жуық субсидия тағайындалып, кәсіпкерлердің құқықтары қалпына келтірілген.
Осы ретте, қала тұрғындарына мемлекеттік қызмет көрсету сапасы - департаменттің басты назарында екендігін жеткізе отырып, Мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу кезінде туындаған мәселелер бойынша Telegram қосымшасы арқылы (сілтеме: https://t.me/onaykyzmet_shymkent) кез-келген уақытта жүгіне алатынын мәлімдейміз.