Үшінші мегаполистегі маңызды мәселелердің бірі азық-түлік пен ең қажетті тауарлардың бағасын ұстау болып табылады. Бағаны тұрақтандыру мақсатында Шымкенттегі 100 сауда орнында ең қажетті азық-түлік тауарлары нарық бағасынан 10-15%-ға төмен бағада сатылуда. Жыл басынан бері 402-сі өткізілген азық-түлік жәрмеңкесі қаладағы халық ең көп шоғырланған 8 елді мекенде ұйымдастырылған.
Азық-түлік белдеуін құру үшін «Alarko Holding» түрік компаниясымен 500 гектар жерге заманауи жылыжай кешенін салу туралы меморандумға қол қойылды, ол ауданы бойынша еліміздегі ең ірісі болады. Жоба 5 мыңнан астам жұмыс орнын ашып, өңірдегі азық-түлік тапшылығы мен қолжетімділігін толығымен шешеді, сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау әлеуетін арттырады.
Әлеуметтік салада білім беру мен денсаулық сақтау бірінші орында тұр. Биыл Шымкентте 22 жаңа мектеп, оның ішінде 19 жекеменшік мектеп салынды. Мұнымен қоса, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 18 жалпы білім беретін мектеп салу жоспарланса, биыл оның 12-сінің құрылысын басталды. Қазіргі уақытта үш ауысымда оқитын мектептер мәселесі толығымен шешілгенін атап өткен жөн.
Оқушыларды қолайлы оқу жағдайымен қамтамасыз ету мақсатында қаладағы 134 мыңнан астам бастауыш сынып оқушысы тегін ыстық тамақпен, 55 мыңға жуық оқушы мектеп формасымен қамтамасыз етілген. 500 орындық Оқушылар сарайы балалардың сабақтан тыс уақыттағы іс-шаралары үшін ашық.
2023 жылы қала бойынша жалпы өлім-жітім көрсеткіші 11%-ға, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 26%-ға, нәресте өлімі 8,5%-ға, онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім 0,5%-ға төмендеу көрсеткіші Шымкент қаласының денсаулық сақтау саласының тиімділігін көрсетеді.
Шымкент Қазақстандағы жүректі ауыстырып салу жүзеге асырылатын екінші қала болып табылады. Осылайша, осы жылдың шілде айында мұнда қала тарихында алғаш рет жүректі ауыстырып салу отасы жасалды. Бұрын мұндай ота тек елордада ғана жасалса, енді бұл еліміздің өңірлерінде де мүмкін болды. Ал бұл отандық медицинаның да, шымкенттік дәрігерлердің де жетістігі екені анық.
Сонымен қатар, қазіргі таңда Шымкент қаласындағы медициналық мекемелерде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету бойынша озық тәжірибе орталықтарын ашу жобасы жүзеге асырылуда. Бұл қаладағы денсаулық сақтау саласын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Шымкент еліміздегі жетекші спорт орталықтарының біріне айналуда. Қазіргі кезде қалада барлық дерлік спорт түрлері бойынша 1077 спорт нысаны бар. Жаңа нысандардың қатарында үстел теннисі спорт кешені, жаңа қалалық ипподром және №20 спорт мектебінің оқу-жаттығу кешені бар. Сондай-ақ «Металлург» стадионы қайта жөндеуден өтіп, 1 спорт мектебі ашылды.
Әкімдіктің мәліметінше, қала тұрғындарын бұқаралық спортпен қамту 42 пайыздан астамды құрайды. Спортшыл қауым мен барша шымкенттіктер үшін ең маңызды оқиға «Ордабасы» футбол клубының өз тарихында тұңғыш рет Қазақстан чемпионы атануы болып табылады.
Мемлекеттік органдардың басымдығы азаматтардың жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету болып табылады, оның ішіне, атап айтқанда, жұмыспен қамтуды ұлғайту және жалақыны арттыру кіреді.
2023 жылы білім және спорт саласы қызметкерлерінің айлық жалақысы 25-30%-ға, денсаулық сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету 30%-ға, басқа да мемлекеттік қызметшілердің айлық жалақысы 22%-ға өсті. Сондай-ақ, 2023 жылдан бастап жалақысы төмен 16 мыңнан астам бюджет қызметшілеріне үстеме көзделген. Қала әкімдігі, соның нәтижесінде облыстағы орташа жалақы 17,6 пайызға өсті деп атап өтті.
2023 жылы қала тұрғындары үшін маңызды оқиға көп жылдар бойы қараусыз қалған «Спутник» қоғамдық саябағы мен «Фосфорник» мәдениет сарайының қала меншігіне қайтарылуы болды. Сарай мен оған іргелес саябақ аумағын қалпына келтіру бойынша жөндеу жұмыстары жақын арада басталады.
19-12-2023, 23:37
Шымкент: әлеуметтік салаларда айтарлықтай әлдену байқалады
Фото: pixabay.com
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз