Астанада ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен «INFORMATICS-ASIA» халықаралық компьютерлік жобалар байқауы басталды. Жарысқа 4 мемлекеттен 184 жобамен 450 оқушы қатысты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Байқаудың негізгі мақсаты:
- IT саласында ғылыми зерттеушілікке қызығушылық танытатын дарынды жастарды анықтау, қолдау және дамыту;
- IT саласын дамытудың тиімді құралы ретінде дарынды оқушылардың ғылыми-зерттеу әрекетіне негізделген жаңа жобаларды әзірлеу;
- Әртүрлі елдерден оқушылар мен мұғалімдерді тарту арқылы халықаралық ынтымақтастықты нығайту және шығармашылық тәжірибе алмасу.
Жарыс ағылшын тілінде жүргізіледі және алты бағыт бойынша өтеді: Робототехника - FLL Challenge және Arduino Hackathon; Компьютерлік бағдарламалау; Компьютерлік графика және өнер; Қолданбалы ғылыми жобалар; Қысқаметражды фильмдер; Қолданбалы математика жобалары.
Айта кету керек, аталмыш білім бәйгесі Қазақстанда 10 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде іс-шараға 20 мемлекеттен 5000-ға жуық оқушы қатысты. Жарыстан үздік шыққан жүлдегерлер еліміздің және әлемнің беделді ЖОО гранттарына ие болып, қазіргі таңда мемлекетіміздің әр саласында видеограф, дизайнер, программист сияқты жұмыстар атқарып келеді.
Байқау ұйымдастырушылары: ҚР ОАМ «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы және «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қоры болып табылады.