Шымкент қаласының тұрғыны Олжас Сырлыбаев ара шаруашылығымен айналысуды осыдан 6 жыл бұрын бастаған. Омарташы кәсібін кеңейту мақсатында көпбалалы отбасы санаты бойынша мемлекеттік қайтарымсыз грант алады. Өтеусіз қаражатқа қажетті құрал-саймандар сатып алып, нәтижесінде жылдық табысы 9 миллион теңгеге жеткенін айтуда.
Адал еңбегімен шаруашылығын өрге дөңгелеткен отағасы мамыр айынан бастап қоңыр күзге дейін бал араларының ұясын алып, табиғат аясына кетеді. Қазіргі таңда 80 омартасы бар. Көбіне карника арасын асырайды.
-Бал арасы өзі мамыр, аққурай, жантақ, мақта балы болып бөлінеді. Әр қайсысының өзіндік пайдалы әрі емдік қасиеттері бар. Жантақ суыққа, мақта тыныс алу жолдарына, аққурай иммунитетті көтеруге жақсы болса, «майский» балы көктемде шайқалатын болғандықтан дәрумендерге бай келеді. Табиғи өнімге сұраныс өте көп. Көтерме бағамен сатып алушылар жиі хабарласады. Бірақ, өзім асықпай сатуды жөн көремін,-дейді омарташы Олжас Сырлыбаев.
Кәсіп егесі балдан басқа гүл тозаңын сатумен және ара шаруашылығымен айналысқысы келетіндерге кәсіптің қыр-сырын үйретіп табыс табады. Ниет пен икем болса, еңбек түбі-береке дейді ол. Жалпы, Шымкент қаласы бойынша биыл 452 азамат қайтарымсыз грант алды. Халықты жұмыспен қамтуда шағын бизнесті дамытуға бағытталған мемлекеттік қайтарымсыз гранттың септігі орасан.
Айта кетейік, Мемлекеттік грант - бұл жаңа бизнесті бастау және дамыту үшін қайтарымсыз негізде берілетін 400 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі бастапқы капитал.
Грант қаражаты ісін жаңа бастаған жекелеген әлеуметтік санаттарға жататын азаматтарға өз бизнес әлеуетін іске асыруға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Гранттар келесі бағыттарда қолдану үшін беріледі: қажетті мүкәммалды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықты, жануарларды, малдарды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды, көшеттерді сатып алу, үй-жайларды жалға алу ақысын төлеу.
Гранттар тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді.
Ісін бастаймын деген азаматтар жоғарыда айтылған талаптарды ескергені жөн.
18-12-2023, 01:05
Шымкенттік омарташы гранттың көмегімен жылына 9 миллион теңгеге жуық табыс табуда
Фото: Шымкент қаласы әкімдігі
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз