Мемлекеттік қолдаудың арқасында үшінші мегаполисте омарта шаруашылығы мықтап қолға алынып келеді. Қазіргі таңда қала аумағында бұл бағытта еңбек етіп жүрген 60-тан астам шаруа бар. Олар балдың түр-түрін өндіріп, күнгейлі аймақтың мерейін үстем етуде.
Шымкенттік Олжас Сырлыбаев омарташылықты осыдан 6 жыл бұрын қолға алған. Бал ара шаруашылығының аясын кеңейтуді мақсат еткен шаруа - көпбалалы отбасы санаты бойынша мемлекеттен қайтарымсыз грантқа өтініш берді. Кәсіп иесі, қаражатқа шаруашылыққа қажетті құрал-саймандар сатып алғанын жеткізді. Нәтижесінде өнімділік деңгейі артып, жылдық табысы 9 миллион теңгеге жеткен.Адал еңбегімен шаруашылығын өрге дөңгелеткен отағасы мамыр айынан бастап қоңыр күзге дейін бал араларының ұясын алып, табиғат аясына кетеді. Қазіргі таңда 80 омартасы бар. Көбіне карника арасын асырайды.
"Бал арасы өзі мамыр, аққурай, жантақ, мақта балы болып бөлінеді. Әр қайсысының өзіндік пайдалы әрі емдік қасиеттері бар. Жантақ- суыққа, мақта- тыныс алу жолдарына, аққурай- иммунитетті көтеруге жақсы болса, «майский» балы көктемде шайқалатын болғандықтан дәрумендерге бай келеді.Табиғи өнімге сұраныс өте көп. Көтерме бағамен сатып алушылар жиі хабарласады. Бірақ, өзім асықпай сатуды жөн көремін", – дейді омарташы Олжас Сырлыбаев.
Кәсіп егесі балдан басқа гүл тозаңын сатумен және ара шаруашылығымен айналысқысы келетіндерге кәсіптің қыр-сырын үйретіп те табыс табады. «Ниет пен икем болса, еңбек түбі – береке»,- дейді ол. Жалпы, Шымкент қаласы бойынша биыл 452 азамат қайтарымсыз грант алды. Халықты жұмыспен қамтуда шағын бизнесті дамытуға бағытталған мемлекеттік қайтарымсыз гранттың септігі орасан.