Биыл Шымкенттегі сала мамандары мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбек заңнамасының сақталуы бойынша жеке және заңды тұлғалардан түскен 1360 арыз-шағымды қарап, 277 тексеру жүргізген. Шымкент қаласы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжановтың айтуынша, тексеру барысында 538 құқықбұзушылық анықталған.
"Анықталған құқықбұзушылықтың 491-і жойылып, заңға сәйкестендірілді. Кәсіпорындарға 162 нұсқама енгізіліп, 14,2 млн.теңге айыппұл салынды. Еңбек қатынастары саласындағы маңызды мәселелердің бірі – еңбекақының уақтылы төленуі. Бұл азаматтардың конституциялық құқығының қорғалуы болып есептелгендіктен, есепті кезеңде 60 кәсіпорындағы 978 жұмысшыға 460,3 млн.теңге көлеміндегі жалақы қарызы төленді", – деді басқарма басшысы.
Еңбек қауіпсіздігін сақтау еңбек процесінде кездесетін зиянды және қауіпті өндірістік факторлардың алдын алуға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, жыл басынан бері қала аумағында 17 жазатайым оқиға орын алып, 20 адам зардап шеккен. Оқиға орнында тергеу-тексеру жұмыстары жүргізіліп, іс ішкі істер органдарына жолданған. Бүгінде еңбек қауіпсіздігі сақталуын жақсарту мақсатында елімізде бірнеше жоба іске асырылып отыр.Елімізде өндірістердегі жарақаттанудың алдын алып, қауіпсіз орта қалыптастыру үшін «Халықтық бақылау», «Тік бақылау» және «Нөлдік жарақат» тұжырымдамасы қолға алынған. Мәселен, «Халықтық бақылау» жобасының жүзеге асуына Шымкент қаласынан 18 кәсіпорын атсалысып жатыр. «Халықтық бақылау» жобасы аясында өндірістік қауіпсіздікті күшейтуде ірі кәсіпорында жұмыс істеген, сол жерден зейнетке шыққан немесе сол өндірісте өзінің денсаулығына зақым келтіріп алған мүгедек жандар, кезінде сол жерде жұмыс істеп жүріп өндірістік жарақат алып, жұмыстан шығып қалған азаматтарды қайта жұмысқа алып, олар онлайн режимде өндіріске бақылау жасайды. Ал, «Тік бақылау» жобасында кәсіпорындар өндіріс процесінің әрбір циклін тікелей бақылайды. Бұл жобаға қаланың 12 кәсіпорыны қосылды. Халықаралық ынтымақтастық меморандумы жасалған «Нөлдік жарақат» тұжырымдамасына бізден 71 кәсіпорын қатысуда.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңесінің қаулысымен 2023 жыл «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жарияланған болатын. Қызметкерлер арасында қауіпсіз еңбек ортасын құруда биыл ауқымды жұмыстар қолға алынды.