Мемлекеттік корпорация тарапынан қолдауға ие болған акуия аясында Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері жеке куәлігін алғаш алған клиенттерге «Қазақстан» шоколады мен кәдесый ретінде еліміздің көк туын, яғни жалауларды таратып жатыр. Дәстүрге айналған бұл іс-шара өскелең ұрпақтың патриоттық сезімін оятуға бағытталған деп отыр сала мамандары. Осы тұста айта кеткен жөн, Шымкент қаласында бір жыл ішінде 70 мыңнан астам азаматқа алғашқы жеке куәліктері берілді. Деректер келтірген мәліметтерге сәйкес, көбінесе жас азаматтардан тап осы мемлекеттік қызмет түріне өтінімдер маусым айында айтарлықтай түсетін көрінеді. Еліміздің заңына сәйкес, қазақстандықтар жеке басын куәландыратын бұл құжатты 16 жасында ала алады.
«Елдегі басты мерекелердің бірі қарсаңында біз алғаш рет жеке куәлік алып отырған жас қазақстандықтарды атап өткіміз келді. Құжатпен бірге Қазақстанның рәміздері бейнеленген шағын сыйлықтарды табыс еттік. Бұл жастарды адамгершілікке, отан сүйгіштікке тәрбиелеуге оң әсерін тигізеді деп ойлаймыз. Сондай-ақ, үлкен өмірге қадам басып құжат алған күндері есте қалатындай болуын да басты назарға алдық», – дейді мемлекеттік корпорацияның Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.
Шоколад пен жалаушаларды таратқан Халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметкерлерінің айтуынша, кәдесый алған жастар бұндай тосынсыйды көргенде таңырқап, соңынан қуанып қалғандарын айтады. Жас азаматтарды Мемлекеттік корпорация қызметкерлері ғана емес, орталыққа қызмет түрлерін алуға келген қала тұрғындары да құттықтап жатты.