Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың білімді трансформациялау туралы берген тапсырмасы негізінде, қазір бұл салада түрлі жобалар жүзеге асып жатыр.
Білім жолын қуған жастар ғылыми жұмыстары арқылы инновация игіліктерін игеруге ынталы екендіктерін білдіруде. Ал, ол үшін шәкірттер алдымен теорияда мықты болу керек. Осыған орай Шымкент қаласындағы мектептерде жалпы білім беретін пәндер бойынша тест өтіп жатыр. Назерке Нәрімбек қаладағы Қарсыбай Сыпатаев атындағы №7 ІТ лицейінің 10 -шы сынып оқушысы. Жалпы білім беретін пәндер бойынша ұйымдастырылып жатқан білім сайысына Назерке осымен екінші мәрте қатысып отыр. Айтуынша, мұндай сайыстар білім көкжиегін кеңейтіп, үлкен мүмкіндіктерге жол ашады.
Республикалық білім додасы 2 кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңге 26 мыңнан астам шәкірт қатысты. Ал, бұл жолғы сайысқа 23 мың 384 оқушы қатысып жатыр. Сарапшылардың айтуынша, ауа- райының қолайсыздығынан бірқатар аймақтарда үміткерлердің білім бәйгесіне қатыса алмай қалуы тіркелген. Ал, миллионды шаһардан 280 шәкірт бақтарын сынады. Шымкенттің шәкірттері күні кеше Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдер арасында өткізілген Халықаралық информатикадан 6 қола медальмен оралды.
Республикалық «Дарын» орталығының бөлім меңгерушісі Бақтияр Сайранның мәлімдеуінше, конкурстың мақсаты - оқушылардың ғылыми-зерттеу және оқу-танымдық қызметін ынталандыру. Ең талантты, дарынды жас зерттеушілерді іріктеу мен оларға қолдау көрсету.
Айта кетейік, білім бәйгесінен оза шапқандар халықаралық жарысқа жолдама алады.
14-12-2023, 16:12
Шымкент шәкірттері халықаралық жарыстан жүлдемен оралды
Фото: pixabay.com
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз