Қаланың 2024-2026 жылдарға арналған бюджеті тиісті заңнамаларға сәйкес қалыптастырылды. Жалпы, келесі жылғы бюджет көлемі 654 млрд теңгені құрайды. Өзіндік кірістер жоспары 63 млрд теңгеге артып отыр. Бұл қаланың қаржылық дербестігін 53 пайызға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Жалпы бюджеттің 368 млрд теңгесі, яғни 56 пайызы әлеуметтік салаға бағытталуда.
«Бүгінгі сессияда қаланың даму бағыттарын айқындайтын маңызды шешімдер қабылданды. 2024-2026 жылдарға арналған бюджетті бекіттік. Оның әрбір тиыны тұрғындардың игілігіне бағытталып отыр. Халықтың жағдайын жақсарту жолындағы еңбектеріңізге алғысымды білдіремін», – деді қала әкімі.
Басым бағыттарға тоқталсақ, жол саласына бөлінген қаржы көлемі едәуір ұлғайды. Қаладағы топырақ жолдар мәселесін шешу, көлік кептелістерін азайту мақсатында бағдаршамдарды заманауи интеллектуалды жүйеге қосу жоспарлануда. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 1 500 бейнебақылау камерасы орнатылып, 1 000-нан аса көше жарықтандырылады. Мегаполисті «Жасыл қалаға» айналдыру мақсатында суару жүйелері ретке келтіріліп, негізгі көшелер абаттандырылады.