Ағымдағы жылдың қаңтар-қараша айларында отандық өнеркәсіп кәсіпорындарына 717,8 млн теңге көлемінде шығындардың бір бөлігі өтелді. деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап.
Аталмыш кезеңде «Qazindustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ - на еңбек өнімділігін арттыру және өнімді ішкі нарыққа ілгерілету бағыттары бойынша жалпы саны 600-ге жуық өтінім келіп түскен.
Өңірлік бөліністе еңбек өнімділігін арттыру бағыты бойынша ең көп өтінімдер Алматы (75), Астана (65) және Шымкент (48) қалалаларынан жолданған. Салалық бөліністе мемлекеттік ынталандыру шараларына өтініштердің басым бөлігі машина жасау (100), АӨК, азық-түлік және сусындар (61) және жеңіл өнеркәсіп (50) кәсіпорындарынан келген.
Өнімді ілгерілету бағыты бойынша ең көп өтінімдерді Қарағанды облысының (62), Алматы (35) және Ақтөбе облысының (26) кәсіпорындары, ал салалық тұрғыда жеңіл өнеркәсіп (72), машина жасау (68) және химиялық және фармацевтикалық бағыттағы (51) кәсіпорындар жіберген.
Есепті кезеңде QazIndustry мамандары кәсіпорындардың шығындарының бір бөлігін өтеу шарттары мен тетіктерін түсіндіру бойынша 550-ден астам ауызша кеңес берген. Сондай-ақ, мамандар түрлі конференциялар мен форумдарға қатысып, ашық есік күндері, өндіріс өкілдерімен кездесулер және өңірлерде арнайы семинар-кеңестер ұйымдастырылды.
Естеріңізге сала кетейік, QazIndustry өнеркәсіпті ынталандыру және кәсіпорын шығындарының бір бөлігін өтеу бойынша қызметтер көрсетеді. Бұл туралы толығырақ ақпаратты https://qazindustry.gov.kz/ ресми сайты арқылы (басты беттегі «Бизнесті ынталандыру» тетігі) білуге болады. Сондай-ақ, аптаның әр бейсенбі күндері «QazIndustry» АҚ кеңсесінде (Астана, Қабанбай батыр көшесі, 17, Е блогы) мемлекеттік ынталандыру шараларын түсіндіру мақсатында Ашық есік күндері өткізіледі.