СҚО полицейлері баланы қағып кеткен жүргізушіні екі күн ішінде іздеп тапты, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
8 қараша Петропавл қаласы Васильева көшесі бойында белгіленбеген жерден жолды кесіп өтпек болған төртінші сынып оқушысын қағып кеткен. Жүргізуші оқиға орнынан жасырынған. Балаға медициналық көмек қажет болған. Екі күндік қызу жұмыс нәтижесінде тәртіп сақшылары Toyota автокөлігін және оның 33 жасар жүргізушісін анықтады. Ол Петропавл қаласы тұрғыны болып шықты.
Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 61-бабы 2-бөлігі (Тұлға әкiмшiлiк жазаға тартылды деп есептелетiн мерзiм) бойынша іс жүргізіліп жатыр.
– Жыл басынан іздестіру тобымен түрлі жол оқиғаларына себепші болған және ЖКО орындарын тастап кетпеу туралы талаптарды бұзған 80 жүргізуші анықталды. Бұл оқиғалардың ішінде 1-денсаулыққа жеңіл зақым келтірілген, 1-денсаулыққа ауыр зақым келтірілген, 1-адам өліміне әкеп соқтырған, – дейді СҚО ЖПҚБ бастығы Айдын Байматов.
20-шы қарашадан облыс аумағында бастау алған “Құқықтық тәртіп” кең ауқымды жедел-профилактикалық іс-шара барысында іздестіру тобының қызметкерлері бейнебақылаудың интеллектуалды жүйелерімен тіркелген бұзушылықтары үшін айыппұлдарын төлемеген үш жүргізушіні анықтады. Олардың біреуі ресейлік есептегі ВАЗ 21101 автокөлігімен мамыр айынан бері ЖЖЕ 56 рет бұзған.
Жыл басынан полицейлер осындай 262 жүргізушіні анықтады. Тағы 65 борышкер сот орындаушыларының қаулысы бойынша анықталды.