Әділет министрлігі Мемлекет басшысының, Үкімет басшылығының тапсырмалары, стратегиялық құжаттар, мемлекеттік органдардың ұсыныстары негізінде Үкіметтің Заң жобалау жұмыстары жоспарының 2024 жылға арналған жобасын дайындады. Бұл туралы Үкімет отырысында әділет министрі Азамат Есқараев мәлімдеді, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Жоспар жобасымен 2024 жылы цифрлық технологияларды, әлеуметтік саланы, зияткерлік меншік саласын, инновациялық қызметті, ғарыш саласын және басқа да салаларды дамыту сияқты өзекті бағыттар бойынша 16 заң жобасын әзірлеу көзделген.
Жоспарланған 16 заң жобасының ішінен екі заң жобасы бұрын реттелмеген қоғамдық қатынастарды регламенттеуге бағытталатын болады (Цифрлық кодекс және «Нысаналы капитал қорлары туралы» заң жобасы). Атап айтқанда, «Digital Bridge 2023» форумында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы әлемдік озық тәжірибе талаптарына сай, нарықтың қажеттіліктерін де, азаматтардың мүдделерін де ескеретін заманауи құқықтық реттеуші базаны, оның ішінде Цифрлық кодекс жобасын да әзірлеу жөнінде ауқымды міндет қойды.
Министрдің айтуынша, уақыт талаптарына сәйкес білім және ғылым саласын дамыту және университеттерді тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз ету мақсатында Нысаналы капитал қоры туралы заң жобасын әзірлеу ұсынылады.
«Заң жобасын қабылдау қоғамдық қатынастарды реттеуге және нысаналы капитал қорлары саласындағы мемлекеттік саясаттың құқықтық негіздерін белгілеуге, сондай-ақ олардың қызметі мен ұйымдастырылуының нақты жүйесін құруға мүмкіндік береді», — деді Азамат Есқараев.
Бірқатар заң жобасы Құқықтық саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасынан шығып отыр – бұл жер қойнауын пайдалану және норма шығару саласы мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру.
Өз кезегінде қылмыстық жолмен түскен кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заң жобасын әзірлеу Қаржылық мониторингті дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасынан шығып отыр.
Бұдан басқа жоспардың жобасы республикалық бюджет және Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы жыл сайынғы негізде әзірленетін заң жобаларын көздейді.
«Осылайша, Жоспар жобасы мемлекеттік реттеудің өзекті міндеттерін шешу үшін қажетті заң жобаларын қамтиды және мемлекет дамуының саяси бағытымен сәйкес келеді», — деді әділет министрі Азамат Есқараев.
Министрдің сөзінше, жоспар жобасы барлық мүдделі мемлекеттік органмен келісілді. «Құқықтық актілер туралы» заңға сәйкес жоспардың жобасын Мемлекет басшысымен келісуге жіберу ұсынылады.