“Осындай полицейлердің арқасында біз тыныш ұйықтай аламыз”. Шымкент тұрғыны қызын тонамақ болған күдіктіден құтқарған ЖҚАЖ қызметкеріне алғысын айтты, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқиға кешкі сағат 19:00 шамасында болған.
Қалалық полиция департаменті жылдам қимылдайтын арнайы жасағының инспекторы Үсен Сиязбекұлы жұмыстан кейін үйіне қайтып келе жатқанда көмекке шақырған айқайды естіп, көлікті бірден тоқтатып, сол жаққа қарай жүгірді. Ол қараңғы көше қуысында белгісіз ер адамнан құтылуға тырысқан жас қызды көрді.
Құрбанының смартфонын күшпен тартып алған қаскүнем Үсенді байқап, қаша жөнелді. Полицей оның артынан жүгіріп, шамамен 30 метрден кейін қуып жетті. Спорт шебері қоян-қолтық ұрыс әдісін қолданып, қылмыскерді құрықтап, оқиға орнына Тұран АПБ-ның жедел тобын шақырды. Ұсталған азамат қамауға алынды. Жәбірленушіге телефоны қайтарылды. Бойжеткен дін-аман.
Қыздың анасы Үсен Сиязбекұлына шын жүректен ризашылығын білдірді.
– Менің қызыма тонау мақсатында шабуыл жасалды. Полиция қызметкерінің жедел көмегімен қаскөй дер кезінде ұсталды. Осындай полицейлерді мақтан тұтамын, олардың арқасында біз тыныш ұйықтай аламыз. Сізге көп рақмет, – деді Екатерина Владимировна.