Қасым-Жомарт Тоқаев Медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) жөніндегі Алматы декларациясының қабылданғанына 45 жыл және Астана декларациясына 5 жыл толуына орай ұйымдастырылған жаһандық конференцияның пленарлық отырысына қатысты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы конференция қатысушыларына ілтипат білдіре отырып, денсаулық сақтау және медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетудің халықаралық жүйесін жетілдіру ісінде Алматы және Астана декларацияларының маңызы зор екенін атап өтті.– Осыдан 45 жыл бұрын медициналық-санитариялық алғашқы көмектің әлеуметтік тұрғыда әділетті моделіне негіз болған Алматы декларациясы қабылданды. Бұл декларация әлемдік денсаулық сақтаудың Ұлы Хартиясына айналып, көптеген елдің халық денсаулығын жақсарту үшін шара қабылдауына, оны адамның іргелі құқығы ретінде мойындауына түрткі болды. Алматы декларациясы біраз елде ана мен бала өлімінің деңгейін жүйелі түрде төмендету, болжамды өмір сүру жасын ұзарту үшін шешуші рөл атқарды. Бүгінде көптеген елде ұлттық денсаулық сақтау жүйесі жолға қойылған. Онда медициналық-санитариялық алғашқы көмекке айрықша мән беріледі. Бұл бес жыл бұрын қол қойылған Астана декларациясында нақтыланады, – деді Президент.