Жамбыл облысында алаяқ тұрғындарға мемлекеттік бағдарламамен пәтер алып беремін деп 15 миллион теңгеге сан соқтырған, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жамбыл облысының он бір тұрғыны полицияға алаяқтық дерегі бойынша арызбен жүгінді. Жәбірленушілердің айтуынша, 2023 жылғы наурыз бен шілде айы аралығында ақшалай сыйақысы үшін танысы мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер сатып алуға көмектесуге уәде берген, бірақ берген уәделерін орындамаған.
Азаматтар күдіктіге сеніп тапсырған ең төменгі ақша көлемі – 800 мың теңге болса, ал ең жоғарғы ақша көлемі – 3 миллион теңге болған. Жалпы шығын көлемі шамамен 15 миллион теңгені құрайды.
Осы дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде осындай қылмысы үшін бұрын сотты болған облыс орталығының 43 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады.
Күдікті өзінің кінәсін толық мойындады, қазіргі уақытта уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Сондай-ақ өңір аумағында осындай қылмыстарға қатыстылығы анықталатын болады.