Алматы облысы Нарынқол ауылында орын алған жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен балалардың жағдайы тұрақты. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар орталығы алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лейла Серікбаева мәлімдеді, деп хабарлайды kazlenta.kz.
21 қыркүйек күні оқыс оқиға салдарынан ауыр жарақат алған оқушылар алдымен Нарынқолдағы аудандық ауруханаға жеткізілген. Облыстағы дәрігерлер шұғыл түрде консилиум өткізіп, нақты емдеу шараларын жүргізген. Артынша, балалардың хәлі бір қалыпқа келгеннен кейін облыстық ауруханаға жеткізілді.
Спикердің айтуынша, бүгінде облыстық аурханада балалардың 1-еуі реанимацияда жатса, 4-еуі травмотология бөлімінде ем қабылдап жатыр. Қазіргі таңда науқастардың беті бері қараған.«Балалардың алған жарақаты ауыр болды. Аяқ-қол сүйектері сынған. Аудандық аурухана дәрігерлерінің арқасында алғашқы көмек көрсетіліп, науқастар біртіндеп облыстық ауруханаға жеткізілді. Ота жасалып, сүйектері қалпына келтірілді. Емдеу шаралары толықтай жүргізілуде. Алдағы уақытта, аман-сау үйлеріне шығарылады деген үміттеміз»,-дейді Алматы облыстық балалар клиникалық ауруханасының директорының орынбасары Асқар Қалиев.
Оның айтуынша, облыста 150 жедел-жәрдем көлігі сатып алынған, барлығы қажетті медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Ал, тозығы жеткен ғимарат келер жылдың басында күрделі жөндеуден өтуі жоспарналғанын алға тартты.
«Нарынқолдағы аудандық ауруханаға 2024 жылы қаңтар айынан бастап күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Ол үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Сонымен қатар, республикалық бюджеттен 250 келушіге арналған емхана құрылысы жүргізілуде. Нысан келер жылы наурыз айында қолданысқа беріледі»,-деді спикер.