Франс пресстің хабарлауынша, қаза тапқандардың денесінде ешқандай жарақат болмаған. Агенттік мәліметінше, олар 18-20 жас аралығында, кейбірі тіпті 15 жаста болған. Қазір табылған мәйіттер мәйітханаға жеткізілді. Онда токсикологиялық сараптама жүргізіліп, нәтижесінде клубқа келушілердің неден көз жұмғаны анықталады.
Жергілікті шенеуніктің мәліметінше, осы түні клубта мектеп бітіруші түлектер көп болған. ОАР Шығыс-Кап провинциясының басшысы Оскар Мабуйяне қайғылы оқиғаның неден болғанын атамады, бірақ «шексіз спирттік ішімдікті пайдалануды» сынға алды. ОАР президенті Сирил Рамафоса қайтыс болғандардың отбасына көңіл айтып, 18 толмаған жасөспірімдерді клубқа жібергенін сынады.