Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев «Kazind Medical Group» компаниясының өкілдерін қабылдады. Кәсіпкерлер Алматы облысының аумағында медициналық университет салуға ниеттеніп отыр, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Компания өкілдері облыс әкіміне осы бағыттағы ауқымды жобаны ұсынды. Олардың айтуынша, университет жанында емхана, аурухана, ғылыми-зерттеу орталығы, мектеп, балабақша, қонақ үй де салынады.
Аталған жоба бойынша олар аумақты эко-аймақ ретінде дамытуды жоспарлап отыр. Университетте сабақ беретін оқытушылар Ұлыбритания немесе Малайзиядан келеді. Сабақ берумен қатар олар ауруханада да қызмет етеді.
Англиялық серіктестікпен бірлесе отырып, барлық нысандарды «Самсунг» компаниясының техникасымен жабдықтау жағы да қарастырылуда. Сондай-ақ, ол нысанның жалпы аумағы 75 гектар болатынын атап өтті. Ал жобаға құйылатын инвестиция көлемі –552 млн АҚШ долларын құрамақ. Қаржыландыру 100 пайыз инвестор тарапынан болады.
«Бұған дейін Бельгия, Шри-Ланка, Бангладеште оқу ошағын салғанбыз. Қазақстандағы ЖОО-ны Талғар немесе Іле ауданында салуға ниеттеніп отырмыз», – деді серіктестік маманы.
Облыс әкімі өз кезегінде, болашақта Қонаев қаласы кеңейіп, «Жаңа Іле» аумағында жаңа шаһар бой көтеретінін, сондықтан ЖОО-ны облыс орталығында салу тиімді екенін айтты.
«Талғар, Іле аудандарында мемлекет меншігіндегі жер көлемі аз. Жақында ғана Қонаев қаласының Бас жоспары бекітілді. Оған сәйкес, бұл аумақта медициналық кластерді дамытуды жоспарлап отырмыз. Алдағы жылдан бастап инженерлік желілер тартылады. Сол үшін бізге ЖОО-ны Қонаевта салған тиімдірек. Басқа аудандардан жер қарастырамыз десеңіздер, процесс ұзаққа созылуы мүмкін», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Өңір басшысы сөз орайы келген тұста облыста ЖОО-ға сұраныс бар екенін де атап өтті. Оның дәлелі– Қарасай ауданындағы Сүлеймен Демирел атындағы университет. Бұл оқу ордасына түсуге Алматыдан, басқа қалалардан келіп жатқан абитуриенттер саны жыл санап артып келеді.
Екі жаққа да тиімді жайттарды саралай келіп, қос тарап ЖОО салатын аумақты анықтап, содан кейін мәселенің өзге де жақтарын талқылауға ойысты.