Мемлекет басшысы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевті қабылдады, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған Kazlenta.kz
Өңір басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа облыстың қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен даму перспективалары жөнінде баяндады. Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, қазіргі кезеңде облыстың экономикасында оң өзгерістер байқалады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласының даму көрсеткіші – 102,8, өңдеу өнеркәсібінің өсімі – 105,2, сауда – 103, құрылыс –114,3 пайызға артқан. Облыс әкімдігі жыл соңына дейін осы қарқынды сақтап қалуға ниетті.
Сондай-ақ Марат Сұлтанғазиев мемлекет басшысына әкімшілік-аумақтық реформалардан кейінгі жаңа мүмкіндіктерді ескере отырып, Алматы облысы мен Қонаев қаласының әлеуметтік-экономикалық даму жоспарына өзгерістер енгізілетіні жөнінде ақпарат берді. Әкімнің айтуынша, құрылыс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, сауда және туризм сияқты экономиканың инвестициялық тартымды секторларына ерекше көңіл бөлінеді. Марат Сұлтанғазиев Қасым-Жомарт Тоқаевқа облыс орталығын Қонаев қаласына көшіру жұмыстары жөнінде де баяндады.
Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері үшін қажетті жағдай жасауға бағытталған кешенді шаралар жөнінде айтты. Кездесу барысында президент азаматтардың сенімін ақтау, сондай-ақ облыс тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту үшін нақты шаралар қабылдау маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар мемлекет басшысы жаңа әкімге облыс тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, үш ауысымдық мектептерге, ирригациялық жүйелерді жаңартуға, медицина және қоғамдық көлік мәселелерін шешуге қатысты бірқатар міндет жүктеді.
23-06-2022, 09:04
Тоқаев Алматы облысының жаңа әкіміне бірқатар тапсырма берді
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз