«Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде жасалып жатқан аса ауқымды әрі тарихи оқиғалардың бірі – қазақ әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру мәселесі. Елбасы 2017 жылы жариялаған мақаласында 2025 жылға қарай іс-қағаздарды, мерзімді баспасөз пен оқулықтарды латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіс екенімізді қадап айтты. Бүгін біз осы мақсатта атқарылған жұмыстарға баға беріп, латын қарпіне көшу мәселесінің қалай іске асып жатқанына тоқталмақпыз.
Латын әліпбиіне көшу мәселесі: күдік пен үміт
Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру мәселесінің бой көтергеніне аз болған жоқ. Ең алғаш бұл туралы 2012 жылы Н.Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты өз Жолдауында мәлімдеген болатын.
Елбасы сол кезде: «Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек. Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе», – деп, латын әліпбиіне көшу қажеттілігін атап өткен-ді.
Аталмыш бастама қоғамда қызу талқыға түсіп, өзекті мәселелердің біріне айналды. Латын қарпіне көшуге қарсылық танытып, бұл іске күдікпен қарап, мемлекеттік тілді құлдыратып алудан қорыққандар саны аз болған жоқ.
Әсіресе, кириллицада басылып шыққан миллиондаған оқулықтар мен кітаптар, ғылыми еңбектер мен әдеби туындылардың тағдыры, олардың келер ұрпақ үшін қолжетімсіз болып қалуы секілді өзекті проблемалар алға шықты.
«Латын әліпбиіне көшкен жас бүлдіршіндеріміз кириллицада басылған баба тарихымыздан, рухани парасатымыздан қол үзіп қалатыны айдан анық. Латыншаға ауысқан Өзбекстан мен Әзербайжан республикаларының қаншама ғылым, әдебиет, өнер қайраткерлері бізге осы мәселе төңірегінде өз өкініштерін білдіргені жадымызда», – деп ашық хат жазып, қарсы шыққандар аз болмады.
Түрлі қоғамдық платформаларда ой талқылар ұйымдастырылып, жарыссөздер өтті. Ондаған, тіпті жүздеген кездесулер мен жиындар өтіп, еліміздің маңдайалды ғалымдары мәселенің ақ-қарасын ажырату үшін талқылаулар өткізді.
Әлбетте, кез келген тарихи бастамаға қоғам қарсылығы мен сенімсіздік танытуы заңды, тіптен қажеттілік екенінен ескерсек, қазақтың латын қарпіне негізделген жаңа әліпбиін жасау ісіндегі мұндай қарсылықтардың пайдасы да көп болды. Мәселен, жаңа әліпби құрастыру ісінде тіл білімі мамандарына артылған жауапкершіліктің жүгі арта түсті. Бұл тұста ең маңызды шарт ретінде тілдің үндестік заңы мен дыбыстық-мағыналық құрылымы, буын, тасымал жігі, сонымен бірге сөйлеу ырғағы секілді негізгі аспектілерді сақтау салмақты рөл атқарды. Латын қарпіндегі қазақ тілінің емлесі бір емес, сан рет ұсынылып, бірнеше мәрте қайта қаралды. Бұл нұсқалардың әрбірі кеңінен талқыланып, қоғам пікірі есепке алынып отырды.
Осылайша, бірнеше саланы қамтып, бірнеше жылға созылған қазақ тарихына тікелей қатысты бұл саяси науқанға еліміздегі бетке ұстар тіл білімі мамандары, журналистер, тарихшылар түгел қатысып, олардың әрқайсысының пікірі ескерілді.
Мысалы, әліпбиге қатысты басты талап – қазақтың әр дыбысына жеке таңба беру болғанын атап айту керек. «Бір таңба – бір дыбыс» қағидасының сақталуына үлкен мән берілді.
2020 жылға дейін тіл комитетіне 20-дан астам жоба түскен. Олардың ішінде нақты жеті нұсқа кеңінен талқыланып, қарастырылған. Олар:
«Bailatyn» жобасы;
«Kazak Grammar» жобасы;
Қуантқан Вановтың әліпби нұсқасы;
Ескендір Тасболатов нұсқасы;
Манас Сапарбаев нұсқасы;
Нұрлан Түлтебаевтың әліпби нұсқасы;
Студент Абзал Дәуренбекұлы нұсқасы.
Бұл жобалардың барлығында өзіндік кемшіліктер мен артықшылықтар да аз болмады. Дегенмен, бұл тұста бір қуантарлығы, қазақша жаңа әліпби жасау ісіне бей-жай қарай алмаған кез келген қазақстандық емін-еркін өз үнін қосып, пікірін ашық айта алды деуге негіз бар.
Сөзден іске: латынға өтуде жүзеге асқан нақты қадамдар
Мемлекетте болып жатқан кез келген өзгеріс, кез келген жаңашылдық қоғамда әлдебір күдіктің, үрей мен қорқыныштың туындауына себеп болары заңды. Алайда, өзгеріс дамуды жаңа сатыға көтеретіні де белгілі жайт. Латын әліпбиі мәселесіне қатысты Елбасының нақты қадамдар арқылы діттеген мақсатқа ұмтылуы бірқатар жетістіктерге жетуге мүмкіндік берді. 2017 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ол қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауды тапсырды. Міне, осы кезден бастап елімізде латын қарпіне көшуге қатысты ауқымды әрі маңызды жұмыстар басталып кетті.
Қазіргі ақпараттық технологиялардың қарыштап дамыған шағында қазақ тіліндегі бұған дейін басылып шыққан құнды дүниелердің барлығын латын қарпінде қайта басып шығарудың қиындығы болмайтынын жаңашыл ғалымдар дәлелдеп берді. Электронды оқулықтар мен жаңа медианың күші ұлт зиялыларының қорқынышы жай ғана миф екенін нақты айқындай түсті. Елбасының латын әліпбиіне бірден емес, кезең-кезеңімен өту туралы идеясы да бұл тұста маңызды рөл атқарды. Бастапқыда бұл жайтқа үрке қараған қоғам да, ұлт зиялылары да бүгінгі күні латын қарпіне көшу – қазақ тілінің дамуын жаңа белеске шығару мүмкіндігі екенін мойындап отыр.
Сонымен, 2017 жылдан бастап осы бағытта қандай жұмыстар атқарылды?
3 кезеңнен тұратын ұлттық іс-шаралар жоспары бойынша қазақ әліпбиін латынға көшіру реформасы нақтыланды.
Реформаны жүзеге асыруға арналған материалдық, техникалық, кадрлық және өзге де алғышарттар айқындалды.
Лингвист мамандар мен еліміздің ғалымдарының басшылық етуімен қазақ әліпбиінің латын графикасындағы бірыңғай стандарт нұсқасы белгіленді (2017 жылы).
2018 жылдан латын графикасына көшу шаралары нақты жүзеге аса бастады. Көше аттары, билбордтағы жазулар, ақпарат агенттіктерінің, газеттер мен басылымдардың сайттарының латын қарпіндегі нұсқалары шыға бастады.
2018 жылы 19 ақпан күні Елбасы жарлығына сай, латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі бекітілді.
2018 жылы 14 қарашада латын графикасы негізінде республика көлемінде «жалпыхалықтық диктант» ұйымдастырылды. Бұл науқанға еліміздің барлық өңірінен 2 миллионға жуық қазақстандық қатысты.
Өңірлерде түсіндіру жұмыстары белсенді түрде жүргізілді.
2020 жылдың 9 қарашасы күні латын графикасына көшу жөніндегі кеңес өтіп, онда Қасым-Жомарт Тоқаевқа әліпбидің жаңа нұсқасы таныстырылды.
Мемлекет басшысы жаңа әліпбиді жан-жақты түсіндіруге бағытталған кешенді ақпараттық жұмыс жүргізуді тапсырды.
Айта кету керек, жаңа әліпбиді жасау және қолданысқа беру жөнінде Ұлттық комиссия жанынан төрт жұмыс тобы құрылды. Оның бірі - Орфографиялық жұмыс тобы. Оған Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық, Еуразия ұлттық, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік, Назарбаев университеттерінің және «Тіл-Қазына» ұлттық орталығының ғалымдары кіріп отыр. Жұмыс тобы осы уақыт ішінде 5 отырыс, 2 республикалық ашық талқылау, 3 рет апробациялық жұмыс ұйымдастырған.
Алдағы екі жылда ұйымдастыру жәнеәдістемелік жұмыстар жүргізілуге тиіс. Айта кетерлік жайт, жаңа әліпбигебейімделу кезеңінде кириллица да қолданыста болады.
Бүтін бір ұлттың болашағы оның тілінде екенінескерсек, латын әліпбиіне көшудің жауапкершілігі сіз бен бізге артылатынысөзсіз. Бұл міндеттің жүгі ауыр екенінкүні кеше Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та еске салды. Мәселенің түйіні «қазақтілінің емлесін қайта құруда» екенін ескерткен Мемлекет басшысы, бұл реттеасығыстық танытпаудың маңызын атап өтті.
Дегенмен, өткенді сараптап, көз жүгіртсек, осы үшжылдың ішінде латынға көшуге қатысты қыруар жұмыстар атқарылып үлгергенінаңғаруға болады.