Ru  Kz
Барлық жаңалықтар

Әлима Әбдіхалықова: Ұлттық болмыстың қалыптасуына ерекше мән беру қажет

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының өңірлерде жүзеге асуы – назар аударар мәселелердің бірі. Шалғай аймақтардағы ағайын бұл бағдарламаның мәні мен маңызын қалай түсінеді? Нақты қандай нәтижелер бар? «Рухани жаңғыру» орталықтарының өңірдегі тыныс-тіршілігі қандай? Осы және өзге де сауалдар турасында Қызылорда өңірлік жобалық офисі басшысының міндетін атқарушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымдарының кандидаты, Қазақстан білім беру ісінің құрметті қызыметкері Әлима Әбдіхалықовамен сұхбаттасқан едік. Мархабат!



- Әлима Жақыпқызы, алғашқы сұрағымызды аймақтағы жобалық кеңсенің бүгінгі жай-күйінен бастасақ. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы Қызылорда өңірінде қалай жүзеге асып жатыр? Атқарылған істерге аз-кем тоқталып өтсеңіз.

- Қызылорда облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы 2017 жылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру мақсатында құрылды. Орталықта тарих, қазақ әдебиеті, педагогика саласының ғалымдары, журналистер, жастар қауымының өкілдері, т.б. мамандар жұмыс істейді. Біздің офис Қызылорда қалалық өлкетану музейінің жаңа ғимаратында орналасқан.


Қоғамдық сананы жаңғырту бағытында және ұлттық құндылықтарымызды сақтап, насихаттау мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде, өңірде түрлі іс-шаралар қолға алынып, инфрақұрылым жақсарып, оң өзгерістерге қадам бастық. Ұлттық тарих, мәдениет, білім саласы бойынша, мемлекет пен азаматтық қоғамның бірлесе атсалысуымен түрлі жобалар жүзеге асып жатыр. Мәселен, 2019 жылы өңірде «Жыр-мұра», «Ұлы дала елі», «Өз жеріңді танып біл», «Жақаев ізбасарлары» жобалары, «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты түркі тілдес елдердің халықаралық музыкалық фестивалі, «Жырласа жастар жырласын» атты орындаушы жастардың дәстүрлі музыкалық фестивалі, «Латын графикасы: әлемдік тәжірибе және ұлт руханияты» республикалық оқу семинары, «Ұлы дала жәдігерлері» кітап көрмесі, «Менің отаным – Қазақстан» жас өлкетанушылар слеті, «Ақкербез» республикалық хореография фестивалі, «Парасатты поэзия» халықаралық фестивалі секілді мазмұнды жобалар мен іс-шаралар жүзеге асты.


«Туған жер» арнайы жобасы бойынша өңірде 2019 жылы «Болат Өтемұратов» қоры аз қамтылған, көпбалалы 100 отбасыға арналған құны 2 млрд болатын үй құрылысын, «Қазгермұнай» біріккен кәсіпорны Жастар орталығын (1,7 млрд теңге) салды. Сондай-ақ жеке кәсіпкерлердің бірі Шиелі ауданында 180 млн теңгеге спорттық сауықтыру кешенін тұрғызса, тағы бір кәсіпкер 300 млн теңгеге медициналық амбулатория, т.б нысындар салып берді. Ал «Жаңарған Жаңақорған жастары» еріктілері асар әдісімен мүгедек көпбалалы анаға 6 млн теңгеге үй салып беріп, ауданда тегін киім тарататын екі бірдей әлеуметтік дүкен ашты.


2020 жылдың кешенді жоспарына қоғамдық сананы жаңғыртудың басым бағыттарын қамтыған 204 жоба енгізілді. Оларға облыстық бюджеттен бірінші жартыжылдықта 315,3 млн теңге бөлінді. Демеушілер мен меценаттар есебінен 3 млрд теңге көлемінде қаржы тарту жоспарланған.  Жоспарға сәйкес, сакралды тур, туристік саяхаттар, «Абайдың рухани мұрасы» виртуалды көрмесі, «Өз жеріңді танып біл» туристік экспедициясы, «Жүз жаңа есім» жеңімпаздарымен Talks форматында сұхбат, «Туған жерге тарту» қайырымдылық акциясы, т.б. іс-шаралар жыл бойы ұйымдастырылатын болады.



- Сыр өңірі – тapихи-мәдeни ecкepткiштерге бай өлке. Қастерлі орындарды гүлдендіру, тарихи-қоғамдық маңызын айқындау және халыққа қолжетімді болуына жағдай жасау – өте маңызды. Киелі жерлерді туристік орынға айналдыру үшін не істеу керек?  

- Әрине, киелі орындарды туристік орынға айналдыру мәселесінің мемлекеттік маңызы зор. Біріншіден, киелі жерлерді насихаттау азаматтардың ұлттық санасын қалыптастырады. Тарихи-мәдени санасы қалыптасқан азаматтардың туған елінің парасатты патриоты боларына кәміл сенеміз. Екіншіден, туризмді мемлекеттің, жас азаматтардың табыс көзіне айналдырумен бірге, халықаралық стандарттарға сәйкестендіру керек. Сонымен қатар киелі-тарихи нысандарды сақтап, қорғап инфрақұрылымын жетілдіру бойынша туристік ұйымдарға жауапкершілік жүктеп, сенім артуға болады. Ол үшін туризмді дамытуға арналған ұлттық стратегиялық карта бекітіліп, оның орындалуы туралы Үкімет алдында тұрақты есеп беріліп отыруы керек. Үшіншіден, білім, спорт, мәдениет секілді әр сала туризм түрлерін (спорттық, экологиялық, археологиялық, мәдени, ғылыми, этнографиялық, т.б.) өз шеңберінде дамытып, оның кәсібилігін арттыру міндеті уақыт қажеттілігі деп ойлаймын. Тек бір кезеңдік шаралар өткізумен ғана шектелмей, туризм түрлерін жүйелі түрде көбейтіп, әр сала өзінше атсалысуы қажет. Төртіншіден, этно-мәдени туризмді дамытуға халықтың өзін тартып, белсенділерге қолдау көрсету керек. Бұл өз кезегінде туризм мәдениетін жетілдіруге сеп болады.


Ал «Қазақстанның киелі жерлері» арнайы жобасының біздің өңірде жүзеге асуына келсек, 2019 жылы 155 шара ұйымдастырылып, 15 мыңнан астам адам қамтылды. Өлке тарихын кеңінен насихаттау мақсатында «Туған өлке» ғылыми жобалар байқауы өтіп, Жаңақорған, Шиелі, Сырдария, Қармақшы, Арал аудандарында ҚР Білім және ғылым министрлігінің ғылым комитетінен қолдау тапқан «Аймақ эпиграфикасы: рухани жаңғыру және ұрпақ сабақтастығы» гранттық жобасы жүзеге асты. Бүгінде жоба қорытындысында эпиграфикалық жинақ әзірленуде. Сондай-ақ Шірік-Рабат, Сығанақ, Жанкент, Жент, Сортөбе қалашықтарында, Арал теңізінің табанындағы Кердері кесенесінде археологиялық зерттеулер жүргізілді. Қыш қала мен Бәбіш мола қалашығында қазба жұмыстары жүрді.


Сонымен қатар республика бойынша іргелес аймақтардың – Шымкент, Түркістан, Ақтөбе өңірлерінің киелі жерлерін насихаттау мақсатында қалада 11 баннер ілініп, 21 бейнеролик аймақтық телеарна мен әлеуметтік желілерде кеңінен насихатталды.


Қызылорда облысына арналған Өлкетану оқулығы шығып, 293 мектептің барлығына таратылды. Екіншіден, облыстағы киелі жерлер туралы «Ғасырлар құпиясы» тақырыбында деректі фильмдер мен танымдық роликтер түсіріліп жатыр.


Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы ғалымдары жүргізген ғылыми-зерттеу жұмыстары негізінде «Сыр бойының сакралды ескерткіштері: мифтер, аңыздар, хикаяттар» кітабы мен үш тілде «Қорқыт атаның даналық сөздері» жарық көрді, Т.Ізтілеуовтің бұрын жарияланбаған қолжазбасы аударылып, «Алаштың асыл мұрасы» жобасы жүзеге асты.



- Соңғы өзгерістерге сәйкес, бағдарламаның жұмыс жоспары тұлғалық даму, ұлттық бірегейлікті сақтау, мемлекет пен қоғамның дамуы секілді үш бағытқа жіктелді. Ұлттық құндылықтардың қайнарына қанып ішкен һәм ғылым-біліммен қаруланған, бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыру үшін нені ескеру қажет?

- Иә, қазіргі таңда өткен ғасырда қалыптасқан көптеген трендтер өз маңызын жоғалтып жатыр. Дүниежүзілік қоғамда кірігу процесі әр салада күн сайын күшейіп келеді. Жастардың сол өзгерістерге бейімделуі де бөлек әңгіме. Шетелдік өркениет стандарттарының өзіне тарту ықпалы күннен-күнге өз әсерін беріп келеді. Бұл ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтардың күшін азайтуға септігін тигізуі ықтимал.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Оның мұрасы – парасатты пат­риотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі», – деп атап өтті. Яғни, елді Абайша сүйіп, елдіктің қадірін біліп, оны әрі қарай дамыту мақсатында білім-тәрбие беру мекемелері, ата-аналар мен педагогтар, әлеуметтік-азаматтық институтпен бірлесіп, қазақ халқының дәстүрлі педогогикалық мәдениетін және білім беру саласындағы озық елдердің рухани-адамгершілікті қалыптастыру тәжірибесіндегі прогресшіл элементтерді игеру қажет. Ол үшін білім-тәрбие беру жүйесінің қызмет сапасын, тиімділігін арттыру мақсатында педагогика ғылымын, оның ішінде тәрбие теориясы мен заманауи технологияларын, халықаралық-әлеуметтік және тұлғатану ғалымдарының жетістіктерін игерген, тәрбие ісінің мазмұнын жаңартуда заманға сай мақсат-міндеттерге лайық педагог мамандардың функционалдық сауаттылығын дамыту керек деп есептеймін.


Функционалдық сауаттылық үрдісі осы кезге дейін оқу процесінде пайдаланылып келді. Біздің ұсынысымыз бойынша, бұл принципті тәрбе ісінде де кеңінен қалыптастыру қажет. Функционалдық сауаттылық негізінде берген тәрбие оқушылардың сыртқы ортамен қарым-қатынас жасау қабілетіне, өзгермелі өмірге бейімделу шартына, әлеуметтік, білім-білік дағдыларына ықпал етеді. Бұл мәселелерді тұтас қамтып, сауатты шешім шығару үшін ҚР педагогика ғылымдары академиясына мемлекеттік статус беріліп, осы мәселелермен толық айналысуына жағдай туғызу керек деп ойлаймын.



- Сіздіңше жаңғырудың жаңа тұрпаты қандай болу керек? Маңызды жұмыстардың басы-қасында жүрген жан ретінде қандай ұсыныс-тілектеріңіз бар?

- Елбасы өз мақаласында: «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бас­тау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», – деген болатын. Сонымен қатар ұлттық салт-дәстүріміз, тіл мен музыка, әдебиет, яғни ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс деп атап өтті. Қоғамдық сананы жаңғырту ісінде аса маңызды әрі жетілдіруді қажет ететін бағыт – әр азаматтың ұлттық болмысын қалыптастыруға ерекше мән беру қажет.


Қазақ халқы тәрбие үдерісінде балалардың адамгершілік-моралдық қасиеттерін дамытуға, ұлттық мәдениет пен ана тіліне, туған жерге деген аяулы көзқарасын қалыптастыруға, ерте жастан еңбекке баулуға жіті көңіл бөліп отырған. Әрине, бұл бағытта республикада, облыста көптеген іс-шаралар өтіп жатыр. Дегенмен өз тілін ерекше іңкәрлікпен сүйіп, мақтан тұтатын, туған жерінің тарихы мен географиясын білетін, өлкетану жұмыстарын жандандыруға өз үлесін қосатын одандастарымыздың қатары әлі де көбейгені маңызды.


Әлихан Бөкейханның «Ұлттың жоғын ұйықтап жүріп емес, ояу жүріп іздеу керек. Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Біздің кемшілігіміз – әркім тарих арқалатқан жүкті белгілі жерге апармай, соңындағыларға тастап кететіндігі» деген сөзі бар. Расында, өзінің тілін, ділін, мәдениетін білмейтін азамат мұндай рухани жүкті қалай арқалайды, ұрпағына қандай аманат қалдырады?! Менің ұсынысым, ұлттық құндылақтар және оларды өркениет мәдениетінде позициялау, танымал ету мәселесі бойынша барлық оқу орындарында екі жылда бір рет әртүрлі форматта ұлттық құндылықтарды оқып-үйрететін танымдық-тәжірибелік курстар ұйымдастырылуы қажет.



- Әрине, «Рухани жаңғыру» – біркүндік бағдарлама емес. Оның нәтижесі де уақыт үлесіндегі дүние. Десек те, ертеңге үміт арту үшін әуелгі бағыт оң болу қажет қой?

- Бағдарламаның жарық көргеніне үш жылдан аса уақыт өтті. Бұл рухани тәрбие үшін аз да емес, көп те емес. Осы уақытқа дейінгі жұмыстарды саралап, расында халықтың рухани діңгегін қатайту үшін нені ескеру керек деген ой кімді болса да мазаламай қоймасы анық.


Бұрын ауылға барғанда көнекөз қариялардың шұрайлы әңгімесін жиі еститінбіз. «Біз сендерге енді қонақпыз. Көңілге қонымды әңгіме айтсақ, қағазға түртіп алыңдар. Сендер де ертең қазыналы қария боласыңдар. Сол кезде төрелі сөздің төркінін біліп, өткен-кеткен шақтан мәнді сөздің мәйегін тамызып отырсаңдар, елге сыйлы жанға айналасыңдар» деп отырушы еді. Осындайда бір әңгіме ойға оралып отыр. Бірде жан сарайы шежіреге толы, кемеңгер қария немересіне: «Адам баласының көкірегінде екі қасқырдың тартысына ұқсас тайталас жүріп жатады. Оның біреуі қызғаншақтық, іштарлық, өзімшілдік секілді қасиеттер болса, екіншісі ақиқат, сенім, адалдық, қайырымдылық сияқты жақсы қасиеттер. Бұл екеуі өмір бойы күресіп, әр сәт сайын тартысқа түсумен болады. Осының мәнін түсіндірші», - дейді. Ал немересі: «Ең соңында кім жеңеді?», - деп қайта сауал қояды. Сонда қария: «Сен қайсысын көбірек қо­рек­тендірсең, сол же­ңеді», - деп жауап берген екен. Шынында тартысқа толы өмірде жақсылықпен қоректенсең, таразының басы сол жаққа ауып, жайдары, мағыналы ғұмыр кешесің. Жаман қасиетке үйір болсаң, өмірің арпалысқа толы болады. Сол себепті «Рухани жаңғыру» бағдарламасының құндылығын халыққа жеткізуде зиялы қауымға артылар жауапкершілік те зор болмақ. Сондай-ақ БАҚ, телевидение мен радиодағы бағдарламалардың үлес салмағын әлі де болса көбейту қажет.



- Әбіш Кекілбайдың: «Тіл туралы ойлану – бәрі туралы ойлану. Тіл келешегін ескеру – артымызда қалған мен алдымызда тұрғанның бәрін еске алу деген сөз», - деген сөзі бар. Өзіңіз білесіз, қазақ тілі мәртебесі туралы қоғамда аз айтылып жүрген жоқ. Латынға көшу тіл мәселесіндегі түйіткілге тоқтам бола ала ма?..

- Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев кеше ғана «Ana tili» басылымына берген сұхбатында бұл мәселеге қатысты тұщымды ойлар айтып, нақты бағасын берді. Мемлекеттік тілге қатысты саясатты күрделендірмей, көп істі табандылықпен атқару керектігін атап өтті. Қазақ тілі – бай, құнарлы тіл. Латын қарпіне көшу – басқа тілді меңгеру емес екені көпке аян. Латынға көшу қазақ тілінің ғылым-білімнің, технологияның, бизнестің тіліне айналуына негіз болады деп ойлаймын. Бұл да мәдени жаңғырудың бір қадамы.



- Соңғы сұрақ әлемдік пандемияға қатысты. Қауіпті індет төрткүл дүниені әбігерге салып, күллі адамзаттың өмір салтына өзгеріс енгізді. Пандемиядан кейінгі өмір адам санасын қаншалықты өзгертеді деп ойлайсыз?

- Көп адам қазірдің өзінде қоғамдағы өзгерістерді, сыни қатерлерді қабылдауға қаншалықты дайын екенін сезіп-білді ғой деп ойлаймын. Қызмет түрлерінің сапасы мен қауіпсіздігін артырумен тұрақты түрде айналысу керек. Прагматикалық мінез-құлық қалыптасумен қатар, әр маман кәсіби тұрғыда жауапкершілігін сезініп, көзқарас тұрғысынан көп өзгерістер орын алды. Азаматтар алдағы уақытта өз денсаулығына, өзін-өзі жетілдіруге көңіл бөліп, тұлғалық дамуға күш салады деп ойлаймын. Бүгінгі заман адамы үнемі жетілу арқылы өз еңбегімен, білім-білігімен қоғамдағы орнын нықтай алады.



- Әңгімеңізге көп рахмет!

скачать dle 11.1смотреть фильмы бесплатно
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
ҚАЗІР ОҚЫП ЖАТЫР
для добавления комментариев
Уже зарегистрированы?
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Или водите через социальные сети
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Валерий Меладзе Астананың сұлулығына таң қалды
Баян Алагөзова сәбилі болды
Қайрат Нұртас 15 тәулікке қамауға алынады
Бүгін Димаш Құдайберген 30 жасқа толды
Димаш Құдайберген Ақтөбе облысының құтқарушыларына алғысын білдірді
Мультимедиа
Шымкентте «Көк тудың желбірегені» атты патриоттар форумы өтті
Олжас Бектенов Президенттің Жаңаөзенді дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуын тексеріп, ГӨЗ құрылысымен танысты
Мемлекет басшысы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысты
Мемлекет басшысы ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесті
Мемлекет басшысы «Кәусар» оқушылар сарайын аралап көрді