Астанадағы елді мекендерде және әлеуметтік жағынан осал топтар тұратын үйлерде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған республикалық алдын алу акциясы басталды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Акция аясында қалада 50 дана көмірқышқыл газының датчигі орнатылды.ТЖМ мен қалалық ТЖД қызметкерлері, волонтерлер, полиция өкілдері, әкімдік қызметкерлері және «Астана-РЭК» ЖШС мамандары Сарыарқа ауданы бойынша үйлерді аралап, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін еске салды.
Атап айтқанда, түтін мұржаларын тазарту, көмірқышқыл газы датчиктерін орнату және пеш жабдықтарын пайдалануда сақтық шараларын сақтау қажеттігі түсіндірілді.
Астана қаласы ТЖД деректеріне сәйкес, өрттердің басым бөлігі жеке тұрғын үйлерде тіркеледі.
Соңғы төрт жылда әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың үйлеріне 3 000-нан астам көмірқышқыл газы датчигі орнатылды. Биыл аудан әкімдіктерімен бірлесіп тағы 233 отбасы датчиктермен қамтылды. Сонымен қатар, оннан астам үйде пештер мен электр сымдары жөнделді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып келеді.Бүгінде қалада барак үлгісіндегі 497 жалдамалы үй тіркеуде тұр. Полиция және әкімдік қызметкерлері 175 жоспардан тыс тексеру жүргізді, ал 2024 жылы 165 мәрте тексерілген.
Тексеру нәтижесінде өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың 1 045 дерегі анықталды.Құтқарушылар өрт пен көмірқышқыл газымен улану жағдайларын болдырмау үшін өрт қауіпсіздігі ережелерін тағы да еске салады: электр құралдарын қосулы күйде қараусыз қалдырмаңыз; электр желісін шамадан тыс жүктемеңіз; тек жарамды құралдарды пайдаланыңыз және пеш пен түтін мұржаларын үнемі тексеріңіз; жылыту құралдарының үстіне киім немесе мата кептірмеңіз; сіріңке мен оттықты балалардың қолы жетпейтін жерде сақтаңыз; көмірқышқыл газы және түтін датчиктерін орнатыңыз.