Конференция барысында түркі бабаларымыздан қалған көне түркі жазуының түп-тамыры туралы ғылыми зерттеу жүргізген ғалымдардың жұмыстарының нәтижелері баяндалып, Еуразияның ұлы даласын мекендеген түркі халықтарының әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, өмір сүру дағдылары туралы ғылыми негіздемелер талқыланды.
"Мұндай дәстүрлі жиын жыл сайын республиканың барлық аймақтарында өткізіледі", - дейді «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бөлім басшысы Айдос Абдыхалықов. "Мұндағы басты мақсат - ҚР тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасындағы мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, тіл меңгеру мәдениетін қалыпастыру. Кез келген мәдениетті қоғамның негізгі байлығы - әліпбиі мен сөз сөйлеу өнері, арғы бабаларымыз - түркілердің бізге қалдырып кеткен тарихы үлкен өнеге болады. Тарихқа үңілетін болсақ, 5-8 ғасырда түркі жазбалары үлкен даму үстінде болған. Одан бері мәмлүктердің кезінде арабтар графикасына өту арқылы сол кездегі «мұсылман жаңғыруы» атпен үлкен бетбұрыс орын алған. Ал, 2018 жылдан бастап Президенттің Жарлығы бойынша қазақ жазуы әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша жұмыс басталды. Сондықтан бүгінгі жиында латын графикасындағы жазудың сапалы болуы және басқа да түрлі мәселелер талқыланды".
"Соңғы 10 жылдағы ірі жаңалықтардың бірі - Алтай өлкесінен тасқа жазылған ғұн жазуының табылуы", - дейді Қаржаубай Сартқожаұлы. Ғалымның айтуынша, бұл үлкен жаңалық. Оған дейін ғұн жазуы болмаған. Сондай-ақ, екінші түрік қағанаты құлағаннан кейінгі халқының зары-мұңы туралы хабар беретін жазбалар Оңтүстік-Шығыс Моңғолиядан анықталды. Жазуларда екі кілт сөйлем ұлттың қайғы-қасіретін көрсетеді. Басқасында «Бегім-ай», «Елім-ай», «Жұртым-ай» деп еңіреп жазған. «Елім-ай», «Бегім-ай», «Бектерім» деген сөздер 949 рет қайталанған. Ол жазбаларды Моңғолия геологтары жапондармен бірге зерттеді.
Сурет: nform.kz